Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында ұшқышсыз ұшатын аппараттың бөлшектері табылды. Бұл туралы БҚО полиция департаменті хабарлады.
Желіде тараған бейнежазбада дрон сынықтарына ұқсас бөлшектер Ақсай қаласы Қызылтау ауылы маңынан табылғаны айтылады. Куәгерлердің айтуынша, жарылыс дауысы естілген.
«Қазір БҚО полиция департаменті уәкілетті органдармен бірлесіп Бөрлі ауданында пилотсыз ұшу аппаратының фрагменттеріне ұқсас заттарды табу фактісі бойынша тексеру іс-шараларын жүргізіп жатыр. Нысан елді мекеннің аумағынан тыс жерде табылды. Оқиғаның мән-жайы әлі белгісіз», — деп хабарлады полиция департаментінің ресми өкілі Нұржан Қуанғали.

Сол күні Қорғаныс министрлігі де Бөрлі ауданында елді мекен аумағынан тыс жерде дронның жарылғанын растады. Әуе кеңістігін бақылау күшейетінін хабарлады.
«Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі әуе кеңістігін бақылауды күшейту және әуе нысандарының мемлекеттік шекараны рұқсатсыз кесіп өтуін болдырмау мақсатында қосымша шаралар қабылдады. Сондай-ақ бұл аппараттар тиесілі болуы мүмкін шетелдік серіктестермен консультациялар жүргізілуде», — деп мәлімдеді ведомство.
Биыл БҚО-да жылдың басында дрондардың құлауы жиіледі. Батыс Қазақстан облысынан табылған ұшқышсыз ұшатын аппараттардың 90%-дан астамы Ресей Федерациясының 926-шы Бас ұшу-сынақ орталығының полигонына тиесілі.
Естеріңізге сала кетейік, 19 қазанға қараған түні БҚО-дан 200 км жердегі Ресейдің Орынбор қаласын дрондар атқылады. Газ өңдейтін зауыт істен шығып, Қазақстаннан шикізат қабылдауды уақытша тоқтатты.
Оқыңыз:
Орынборда Қарашығанақ газын өңдейтін зауытқа дрондар шабуыл жасады
фото: әлеуметтік желіден

