Шымкенттік «Hill Corporation» мен мемлекеттік «ҚТЖ – Жүк тасымалы» локомотивтерге арналған майды сатып алған кезде антимонополиялық заңнаманы бұзған. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы мәлімдеді.
Локомотив майын өндіруші «Hill Corporation» мен теміржол тасымалын жүзеге асыратын «ҚТЖ – Жүк тасымалы» арасында жасалған келісім салдарынан басқа жеткізушілер нарықтан шеттетілген. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бұл әрекеттерді антибәсекелестік сөз байласу деп танып, құқық қорғау органдарына жолдаған.
Прокуратура мәліметінше, заңбұзушылықтар орын алған келісімнің жалпы сомасы 12 млрд теңгеден асады.
Жекеменшік компанияның құрылтайшысы – Дулат Қожамжаров. Ол – бұрынғы Бас прокурор және қаржы полициясының бұрынғы басшысы Қайрат Қожамжаровтың туған інісі.
High Industrial Lubricants & Liquids (HILL) компаниясы 2005 жылы Шымкент қаласында ашылған. Мемлекеттік сатып алу порталындағы ақпаратқа сәйкес, 2016 жылдан бері «Hill Corporation» 616 мемлекеттік тапсырысты жүзеге асырған.
Қазір бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
фото: gov.kz

