Биыл Батыс Қазақстан облысы бойынша су тасқыны қаупі бар 186 елді мекен тіркелген. Соның 68-інде әлі де қауіп сақталып отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникация қызметінің брифингі барысында облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов мәлімдеді.
2024 жылы Қазақстанда соңғы 80 жылдағы ең ауқымды су тасқыны болды. Биыл қала мен аудандар деңгейінде 6 төтенше жағдай режимі жарияланды (облыс, Орал қ., Қаратөбе, Сырым, Бөрлі, Теректі аудандары).
Тасқын кезінде зардап шеккен отбасыларға 4,7 млрд теңге бірреттік әлеуметтік көмек төленген. Нақтырақ айтқанда, биыл 5927 үй су тасқынынан бүлінді. Оның ішінде 2828 үй жарамсыз болып қалған.
- Бөрлі ауданы – 129 үй
- Қаратөбе ауданы – 90 үй
- Сырым ауданы – 264 үй
- Теректі ауданы – 160 үй
- Бәйтерек ауданы – 12 үй
- Орал қаласы – 2285 саяжай құрылысы
Энергетикалық нысандар мен электр желілерін жөндеуге 1,4 млрд теңге жұмсалған. Инфрақұрылым қатарында 28 нысан зардап шеккен, оның 27-сі электр желісі, 1 газ құбыры.
Оған қоса, облыс бойынша спорт, денсаулық, білім салаларындағы 11 әлеуметтік нысан су тасқынынан жарамсыз болды. Қазіргі уақытта 22 гидрологиялық бекет жұмыс істеп тұрғанын атап өткен Нарымбетов, алдағы уақытта 7 жаңа бекет ашылатынын айтты.
Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев өзен бойындағы бірқатар шағынаудандағы бөгеттерді биіктету, кеңейту бойынша жұмыстар атқарып жатқанын тілге тиек етіп, келесі жылдың дайындығын шолып өтті.
«Алдағы көктемде қалада су тасқыны орын алған жағдайда жұмылдыратын ресурстар дайындап жатырмыз. Су тасқынымен күреске 400-дей техника дайын. Оның ішінде 30 су сорғыш, 40 инженерлік техника, 150 жүк көлік, 50 жеңіл көлік, 72 трактор, 30 мотопомпа және 30 эвакуациялау үшін техника. Су тасқынымен күреске тартылатын жеке құрам саны – 824. Сонымен қатар 100 мың қапшық дайындап қойдық, қажет болған жағдайда қосымша аламыз. Резервте 5 мың тонна құм-қиыршық тас қоспасы бар», — деді Дүйсенғалиев.
Оның айтуынша, жалпы саны 11 мың өтініш түскен. Зардап шеккен тұрғындарға 1,7 млрд теңге үйлерін жөндеуге бөлінген. 10 942 отбасыға 4 млрд теңге бір реттік төлем жасалып, 9032 отбасыға 4,1 млрд теңге мүліктік шығынды өтеу үшін қаржы берілді.
2024 жылғы су тасқыны елдің экономикасына, инфрақұрылымына және халықтың тұрмысына айтарлықтай шығын әкелді. Мыңдаған үй су астында қалып, көп тұрғын баспанасыз қалды. Әлеуметтік нысандар, соның ішінде мектептер, ауруханалар мен мәдени мекемелер зардап шекті. Қарапайым шаруалар мал шығынына да тап болды. Республикалық бюджет пен еріктілер тарапынан әрі халықтан қомақты қаржы мен әлеуметтік көмекті, физикалық күшті талап етті.
Сурет: pexels.com