Республика бойынша БҚО оқушылары Halyk Bank бонусының 15%-ын жинаған. Бұл жөнінде Halyk Bank баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл бағдарламаға 5-10 сынып оқушылары қатыса алады. Әрбір үздік 10 балл үшін банк 100 бонус төлейді. Бір бонустың бағасы – бір теңге.
«Былтырғы және биылғы оқу жылын салыстырсақ білім деңгейі 2%-ға артқан. Жақсы нәтиже Тасқала, Бөкей ордасы аудандарында байқалады.
Жалпы оқушылардың үздік бағаларына төленген бонустардың 15 пайызы Батыс Қазақстан облысы оқушыларына тиесілі. Бұл – өңірімізде балалардың сабақты жақсы оқып, білімге деген құштарлығының белгісі», — деді Halyk Bank БҚО филиалының төрағасы Жасұлан Жұмабеков.
Ай сайын еліміздің үздік оқитын оқушыларынан 10 жеңімпаз анықталып, оларға 100 000 бонус сыйға берілді. Оқу жылының 9 айында 90 жеңімпаз анықталды. Соның ішінде 13 оқушы БҚО-дан болды.
Бұдан бөлек ай сайын 100 000 бонус ұтыс ойыны да өткізіледі.
Орал қаласы №2 жалпы білім беретін мектебінің түлегі, М. Нәрікбаев атындағы университеттің 2-курс студенті Д. Ғұмар баға есебінен бонус жинаудың тиімді болғанын айтты.
«Күнделік» жүйесі іске қосылғалы бері оның көптеген оңтайлы тұсын байқадық. Уақыт өте келе бұл бағдарлама жетіле түсті. Жақсы баға алған оқушыларға берілетін бонустар жүйесі іске қосылды.
Әр сабақта формативті бағалаудан 10 балл алған оқушының шотына 100 теңге түсіп отырады. Шот ашу үдерісі өте жеңіл, қосымшаның интерфейсі де түсінікті.
Бұл бонустар мені әр сабақта белсенді болуға, үй тапсырмаларын тиянақты орындауға ынталандырды. Жинаған ақшамды мектепке қатынауға және дүкеннен қажет заттар алуға пайдаланатын едім», — деді Д. Ғұмар.
Ата-ана балаға арнап Halyk Еasy картасын аша алады. Одан бөлек Kundelik.kz немесе Bilimal сайттары арқылы бағдарламаға қатыса алады. Бір айда 10 үздік балл алмаған оқушыға бонус берілмейді.
фото: pexels

