Батыс Қазақстан облысының шекара маңындағы аудандарда медициналық кадр тапшылығы ушығып тұр. Қазір Бәйтерек, Бөкей орда, Бөрлі, Жәнібек, Казталов, Тасқала және Шыңғырлау аудандарының ауруханаларында 50 дәрігер жетіспейді. Бұл жөнінде БҚО денсаулық сақтау басқармасы Sarapshy.info агенттігіне хабарлады.
Батыс Қазақстан облысы Ақтөбе және Атырау облыстарымен және Ресейдің Астрахан, Волгоград, Саратов, Самара және Орынбор облыстарымен шектеседі. Шекара маңында 7 аудандық аурухана, 21 дәрігерлік амбулатория, 31 фельдшерлік-акушерлік пункт және 88 медициналық пункт жұмыс істеп тұр.
Бұл нысандарда барлығы 19 дәрігер мен 1356 орта медициналық қызметкер еңбек етеді.
Соңғы үш жылда 15 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өткен, бірақ 2025 жылы шет аудандарда жөндеу жұмыстары жоспарланбаған. Қаржыландыру көлемі де төмендеп келеді: 2023 жылы шекаралық аймақтардағы медицина саласына 14,6 млрд теңге, 2024 жылы 12,4 млрд теңге, ал 2025 жылға 11,6 млрд теңге бөлінген.
Қазір шекаралық аймақтарда 115 жедел жәрдем көлігі бар, алайда науқастарды тиісті медициналық көмекпен дер кезінде қамтамасыз ету үшін тағы 41 көлік қажет.
Қазақстандықтардың шамамен 41%-ы ауылда тұрады. Ауылдағы жедел жәрдемнің қазіргі ахуалын министрлік кадр тапшылығымен байланыстырады. Министрліктің былтырғы есебіне сай елдегі ауылдық денсаулық сақтау ұйымдарында 14 747,5 дәрігер мен 42 225 орта буын қызметкер жұмыс істейді. Ондағы дәрігерлердің тапшылығы 7,28 %, ал орта буындағы мамандардың жетіспеушілігі 2,17%-ы құрайды.
ОҚЫҢЫЗ: Шалғайдағы аурухана: ауылдағы «жедел жәрдемге» неге сенім жоқ?
фото: istockphoto.com

