2025 жылы Батыс Қазақстан облысында жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған үш нысанның құрылысы басталады. Өңірді баламалы энергия көзімен қамтамасыз ету үшін жаңа станциялар құрылысына отандық және шетелдік инвесторлар қаражат жұмсайды.
БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше жел және күн электр станциялары Оралдағы Желтау маңында, Жәнібек және Теректі аудандарында салынады.
Жел электр станциясы (ЖЭС) – желдің кинетикалық энергиясын электр қуатына айналдыратын жүйе. Жел турбинасының қанаттары ауа ағынының әсерінен айналып, генераторды іске қосады. Генератор өндіретін электртогы трансформатор арқылы өңделіп, жалпы желіге қосылады.
Күн электр станциялары (КЭС) – күн сәулесін электр қуатына айналдыратын жүйе. Арнайы панельдер күннің көзін сіңіріп, оны тұрақты токқа айналдырады, инвертор арқылы ол айнымалы токқа түрленіп, тұтынушыға жетеді.
Күн генерациясының көмегімен көмірқышқыл газының (CO₂) ауаға таралуы 30%-ға дейін азаяды. Бұл Қазақстан Республикасының экологиялық стандарттарына және «Жасыл Қазақстан» ұлттық стратегиясының талаптарына толық сай келеді. Сонымен қатар бұл бастамалар елде көміртек деңгейін төмендету жөніндегі халықаралық міндеттемені орындауға септеседі.
Гибрид станция
Жәнібек ауданына қарасты Өнеге ауылының тұсына 2025-2027 жылдары көгілдір отын мен күн сәулесінен қуат өндіретін гибрид электр станциясы салынады. Жоба құны, шамамен, 6 млрд теңгеге бағаланып отыр. Негізгі инвестор — шетелдік«Green Spark Limited» компаниясы. Құрылысты жергілікті «Green Spark Power» ЖШС жүзеге асырмақ.
Жоба екі негізгі технологиялық жүйеден тұрады:
- газопоршеньді генератор
- күн панельдері.
Газ генерациясы 4,264 МВт қуат беретін төрт Jenbacher J320 (Австрия) құрылғысымен жабдықталған. Генераторлар табиғи газбен үздіксіз жұмыс істеп, электр қуатын жоғары тиімділікпен өндіреді.
Күндіз станция негізінен күн көзінен қуат алады, ал түнде газ генераторы іске қосылады.
Батырхан Өтеғалиев, Жәнібек аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы:
«Бұл жоба іске қосылғанда Жәнібек ауданының Ресейден келетін электр қуатына тәуелділігі едәуір азаяды. Электр энергиясы ауданда өндіріледі, демек, тариф те қолжетімдірек болады», — деді ол.
Бұл жоба өңір экономикасына жан-жақты әсер етеді. Құрылыс кезінде 20 адам, ал іске қосылған соң 16 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
«Бұл – кешенді құрылыс болып есептелінеді. Көгілдір отыннан және күн сәулесінен қуат алады. Газ генераторы мен күн панельдері біріктірілген станция. Осы нысанды салу үшін және басқа да жабдықтарды іске қосу үшін Мұратсай ауылынан электр желісі тартылады. Станцияда күндізг уақытта күн панельдері, түнгі мезгілде газ поршенді қозғалтқыш іске қосылады», — деп түсіндірді БҚО энергетика басқармасының бас маманы Арман Сәрсенбаев.
Желтау маңындағы жел станциясы
БҚО орталығына кіреберіс аумақта – Желтау тауының тұсында қуаты 50 МВт болатын жел электр станциясы салынады. Бұл станция өңірдегі ең ауқымды нысан болмақ. Қазір өңірде биіктігі 142 метрлік жел өлшеу мұнарасы орнатылып, жел қарқындылығы зерттеліп жатыр.
Нысан құны — 15 млрд теңге.
Жобаның инвесторы – «Green Energy Industrial Company Aktobe» ЖШС. Жел станциясын «Sharadvisor» компаниясы салады.
«Sharadvisor» компаниясының құрылтайшысы Шәрбат Мақсат Sarapshy.info порталына берген сұқбатында жобаның маңызы туралы айтты:
«Елімізде электр қуаты тапшылығы сезіледі. Бұл мәселені шешу жолында баламалы энергия көздері өндіріс орындарын қажетті қуатпен қамтамасыз етіп, аймақ экономикасына оң әсер ете алады. Қазіргі кезде ірі өндіріс орындарының жұмысындағы кедергілердің бірі – электр энергиясына техникалық шарт алу. Қуаты 50Мвт болатын жаңа жел электрстанцясының қосылуы осы мәселенің алдын алады деген сенімдеміз.
Экологиялық таза әрі тұрақты табыс әкелетін бұл жоба инвесторлар үшін де тартымды. Мемлекет тарапынан да жасыл энергетиканы дамытуғақолдау жоғары, салықтық жеңілдіктер қарастырылған», — деді ол.
Поймада — күн электр станциясы
Теректі ауданының Пойма ауылында қуаты 30 МВт болатын күн электр станциясы салынады. Жобаны «Vigor Holding» ЖШС жүзеге асырмақ. Станцияны салуға шамамен 10 млрд теңге жұмсалады. Құрылыс 2028 жылы мәресіне жетеді.
КЭС-тің өндіретін қуаты — 30 Мвт.
Bilim Barine ұйымының жасыл технологиялар бойынша бас сарапшысы Бауыржан Биахметов баламалы энергия көздерін дамыту жолдары туралы ойымен бөлісті:
«Батыс Қазақстан облысы мен еліміздің бірқатар аймақтарында электр энергетикасының тапшылығы анықталды. Егер жаңартылатын энергия көздерін қолданбасақ, келесі онжылдықта бұл дефицит 5 есе артадыдеген болжам бар. Кейбіреулер ЖЭК-ті тым қымбат деп танып, өзіміздің жер қойнауындағы бар байлықты пайдалануды ұсынады. Бірақ энергетиканы дамыту жағынан қарастырсақ, бұл — өте дұрыс шешім. Еліміз 2050 жылға баламалы энергияның үлесін 50%-ға дейін көтермек. Болашақта пайдалы қазбалардан бас тартып, түгел жасыл энергетикаға көшу де жоспарда бар», — деді сарапшы.
фото: freepik.com