«Жайық жастары» аймақтық бағдарламасының үшінші кезеңіне 90 жас құжат тапсыра алады. Бұған дейін 106 үміткер пәтер алған. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
2024 жылдан бағдарламаны қаржыландыру үшін облыс әкімдігі 1,8 млрд теңге бөлген. «Отбасы банк» берген несиелердің жылдық мөлшерлемесі 5%-ға тең. Несие сомасы 18 млн теңгеге дейін, бастапқы жарна — 10%, мерзімі 19 жылға созылады.
2024 жылы жобаның бірінші кезеңіне 600 млн теңге бөлінген. Бұл қаражат 41 отбасыны пәтермен қамтуға мүмкіндік берді. 2025 жылы «Жайық жастары» бағдарламасы бойынша құны 1,6 млрд теңгеге 65 пәтер сатып алынды.
Үміткерлер бірінші немесе екінші нарықтан, сондай-ақ пайдалануға берілген не құрылыс кезеңіндегі үйлерден пәтер сатып ала алады.
Бағдарламаға 35 жасқа толмаған облыс тұрғындары қатыса алады. Соңғы жылда үміткерлердің зейнетақы шотына аударымдары түгел түсу керек. Яки ресми еңбек өтілі болуға тиіс, сондай-ақ кейінгі бес жылда тұрғын үйі болмауы қажет. Сонымен қатар, «Отбасы банк» шотында кемінде 1,8 млн теңге көлемінде бастапқы жарна болуы керек.
Қатысушылар ұпай жүйесі арқылы іріктеледі:
- некеде өткізген жылдары,
- балаларының болуы,
- әлеуметтік мәртебесі және банктегі жинақ көлемі есепке алынады.
фото: freepik.com

