БҚО-да «Yandex», «Wolt», «InDrive» курьерлеріне түнде ішімідік тасымалдауға тыйым салынды. Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы қылмыстың алдын алу және түнде алкогольді сатуды болдырмау мақсатында аталған интернет-қосымшалардың басшыларымен меморандумға қол қойды.
Меморандумда алкогольдік ішімдіктерді белгіленбеген уақытта жеткізуге және сатуға шектеулер енгізілген.
Облыстық прокуратура мен полиция 2024 жылғы 19 қарашада қылмыстың алдын алу жөніндегі Үйлестіру кеңесінің қорытындысына сәйкес рейдтер жүргізген. Рейдтер нәтижесінде облыс орталығындағы 40 алкомаркеттің 15-і (38%) алкогольдік ішімдіктерді түнгі уақытта сатқаны үшін Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 200-бабының 3-бөліміне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оларға лицензияны 1 айға тоқтату түрінде санкциялар қолданылды.
«Мейрамханаларда, барларда және дәмханаларда, сондай-ақ жолаушылар тасымалдайтын әуе кемелерінде, жолаушылар тасымалдайтын теңіз көлігі кемелерінде, жолаушылар пойыздарының вагон-мейрамханаларында өткiзудi қоспағанда, алкоголь өнiмдерін сағат 23-тен келесі күнгі сағат 8-ге дейiн; этил спиртінің көлемді үлесі отыз пайыздан асатындарын сағат 21-ден келесі күнгі сағат 12-ге дейін бөлшек сауда арқылы өткiзу –шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – қырық айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады) әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта прокуратура мен полицияның бірлескен әрекеттері аймақта мас күйінде жасалған қылмыстар санының 22%-ға төмендеуіне әсер еткен.
Естеріңізге сала кетейік, мас күйінде көлік жүргізген Батыс Қазақстан облысы әкімі аппараты ішкі аудит қызметінің басшысы Ербол Найзабековтің қызметінен босатылған еді.
Сурет: inbusiness.kz