БҚО-дағы карьер дауына жергілікті шенеуніктің қатысы бар ма? Экология министрі не деді?

БҚО-да Жайық өзені бойындағы үш гектардай орманды шауып, астынан құм-қиыршық тас өндірмек болғандарға эко-белсенділер қарсы шықты. Белсенділер Оралға іссапармен келген ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің жеке қабылдауында болып, мән-жайды түсіндірді.

Жайық – аймақтың негізгі су артериясы. Қоғам белсенділері оның дәл жағасынан құм қаза беру өзенге орны толмас зиян келтіреді дейді. Әрі Жайықтың жағасынан 3 гектар орманды кесу жоспарланған. Ақсуат маңындағы құм-қиыршық тас қоспасы кен орнын игергісі келетін компаниялар да, оларға қарсы табиғат жанашырларының да саны көбеюде. Дәл осы мәселемен экология министрінің жеке қабылдауында үш адам болды.

 

«Жайықтың тартылуына карьерлер кінәлі»

Бұл карьердің ашылуына қатысты сот процестері өтті. Сот екі жылға созылып, ақыры компанияның барлық әрекеттері заңды деп танылды. Яғни, ормандарды кесуге келісім берілген.

Белсенділер бұл карьердің артында жергілікті билікте орны бар үлкен шенеунік тұр дейді. Сондай-ақ, жуырда Орал-Ақсай күре жолы жөндеуден өтпек. Құм-қиыршық тас өндірісіне көзделген бұл жер аталған жолдың дәл жанында.

-БҚО-да құм шығаратын 68 карьер бар. Тағы біреуі не үшін керек? Жол құрылысына тазартылған құм-қиыршық тас қоспасы керек. Облыста ондай сапалы қоспаны өндіретін басқа карьерлер де бар. Ал экскаватор арқылы құм шығаратын өндірістердің кесірінен Жайық өзенінде құмды лай пайда болуда. Ол құм ағыспен біраз жерге дейін барып шөгеді. Шөккен жерінде құмды аралдар пайда болуда. Жайықтың түбін құмға толтырып, қайраңдарды көбейтетін осындай карьерлер, — дейді эко-белсенді Нұрлыхан Әбенов.

Табиғат жанашырларының айтуынша, кесуге тыйым салынған орман белдеуі Жайық өзенінің су қорғау функциясын, қорғаныс функциясын орындайды. Егер өзен бойында ағаштар болмаса су азая береді.

 

Орманды қорғаған басшы қызметінен кетті

Орманды карьерге айналдырғысы келген компаниямен соттасып жүрген Артур Мергенов 2019 жылдан 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін Батыс Қазақстан облысы әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры болған.

-«АВУАР-company» ЖШС-нан 2020 жылы өтініш түсті. Біз сұраған учаскелерінің мемлекеттік орман қорындағы жер екенін анықтап, беруден бас тарттық. Сот оларды қолдады. Жоғарыдан қысым жасалып, 2021 жылы 31 желтоқсанда мені заңсыз жұмыстан шығарды. 2022 жылдың қаңтарында қызметімді заң арқылы қайта қалпына келтірдім, бірақ өз еркіммен жұмыстан кеттім. Теректі ауданында осындай өндіріспен айналысқысы келген бірнеше компания мені сотқа берді. Жуырда салынатын Орал-Ақсай тас жолы осы Теректі ауданының үстінен өтеді. Бұл карьерлер ашылса құм-қиыршық тас жақын жерден тасылады. Ал облыста 68 карьер болғандықтан, орманды отау мақсатсыз деп санаймын,- деді Артур Мергенов.

Биыл тамыз айында лицензия берілген себебі Артур Мергеновтің орнына келген Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі КММ жаңа директор «АВУАР-company» ЖШС-мен бітімгерлік келісімге келген. Үшінші рет өткен сотта екі жақ та талап арыздарын кері алған. Эко-белсендінің айтуынша, «АВУАР-company» үлгісімен аталған орман алқабынан құм өндіруге бес компания өтініш берген.

-Бітімгерлік келісім жасалған биылғы тамыз айына дейін карьер ашу мәселесі жабық тұрды. Тамыз айында компанияға Жайық өзенінің жағасындағы мемлекетпен қорғалған орман белдеуін кесуге лицензия берілді. Бұл жағалау 1970 жылдары зерттелген, ол кезде ол жерде орман белдеуі болмаған. Ағаштарды кесу ол орман белдеуінің экожүйесін бұзады. Уақыт өте келе Жайық өзенінің арнасын, алқабын өзгертеді. Жайықтан шығатын Киров каналына су бармай қалу қаупін туғызады. Бұл каналға өте көп бюджет қаржысы жұмсалды. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Жер қойнауын пайдалану» туралы заңның өзгерген 25-бабы бойынша лицензияны жергілікті әкімдік өздігімен бере алмайды. Өзен жағасындағы қорғалған аймақ – мың метр. Сол ара қашықтан кейін ғана құм қазуға рұқсат бере алады. Мемлекеттік орман қорында жағалаулық су қорғау аймағы бекітілмейді, — дейді эко-белсенді Артур Мергенов.

 

Әкім орынбасары «карьер ашуға қатысым жоқ» деп ақталды

«АВУАР-company» ЖШС құм-қиыршық тас өндіруге лицензияны 2021 жылдың көктемінде алған.

-Біз лицензияға сай міндеттемелерімізді орындай алмай отырмыз. Бізге қолдан кедергілер жасалуда. Сот арқылы қызметімізді жалғастыруға шешім шықты. Орманды қалпына келтіру, абаттандыру, балық жіберу сияқты міндеттемелер алдық. Заң талаптарын орындаймыз,- дейді «АВУАР-company» ЖШС директорының орынбасары Тимур Днишев. Аталған компания лицензияны 10 жылға алған.

Экология министрінің қабылдауына қатысып отырған Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов «АВУАР-company» ЖШС директорының орынбасары Тимур Днишевке:

-Біз екеуміз таныс емеспіз ғой? Сіз мені білесіз бе? Біз сізбен бұрын кездеспедік, — деді. Сосын эко-белсенді Артур Мергеновке қарап:

-Карьер ашуда Арман Өтеғұловтың жеке қызығушылығы бар деген сөзіңізге жауап бересіз. Мұндай сөзге мұқият болыңыз. Сізге менің қатысым бар деп кім айтты? — деді.

-Маған «кез келген себеппен жұмыстан шығара аламыз, 31 желтоқсанға дейін өтінішін жазсын» деп «сіз айтты» деген сәлемдеме келді. Өзіңіздің қарауыңыздағы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы да жиында айтты, — деді Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің экс-директоры Артур Мергенов.

-Мен сізді білмеймін, ешқандай құмға араласпаймын, — деді облыс әкімінің орынбасары.

 

«Жайық орманы» резерваты құрылады

Экология министрінің қабылдауына кірген қоғам белсенділері өзен аңғарындағы орман алқабын карьерге айналдыруға тыйым салуын сұрады.

-Бұл мәселе бойынша нақты шешім қабылдау керек. Құм-қиыршық тас өндірісіне лицензияны біздің министрлік емес, жергілікті әкімдік берді.

Мен сот емеспін, төрелігін айта алмаймын. Бұл орман алқаптарының заңды мәртебесін жуық арада өзгертеміз. Ал сот шешімін өзгерту немесе су қорғау аймағына қатысты өзгерістер сот арқылы шешіледі.

Экология министрлігі атынан сөйлесем, өзен аңғарында өңдеу жұмысы жүргізілуін құптамаймын. Соның ішінде орманның оталуына қарсымын. Әрі бұл менің жеке ұстанымым. Бұл жерлерді ерекше қорғалатын табиғи аймаққа айналдырамыз, «Жайық орманы» резерваты құрылады. Бүгінде оның негіздемесі, құжаттары дайын. Сол кезде бұл аймақтарда орман шаруашылығынан басқа барлық қызметке тыйым салынады. Бұл мәселе осылай шешіледі. Алдағы жылды күтпей-ақ мәселені биыл шешуге тырысамыз, істі жеделдетеміз. «Жайық орманын» резерватын құру жайлы қаулы шығады, — деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.

Нұрлыбек Рахманов,

sarapshy.info ақпарат агенттігінің бас редакторы

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз

Добавить комментарий