«Uniserv» ЖШС-на 2,5 млн теңге айыппұл салынды. Бұл жөнінде заңгер, қоғам белсендісі Бауыржан Зәки айтты.
– «Uniserv» ЖШС «Барбастау-Ақжайық-Индер» 43-93 км көлік жолын қайта жаңғыртуды 3,5 жыл жасап, 2024 жылы қара күзде әзер бітірді. 8,3 млрд шартты автомобиль жолдары басқармасынан 2021 жылы 8 сәуірде алып, тек былтыр қазанда игерді. Бірақ әлі бес жыл кепілдік мерзімі бар, — деп жазды Бауыржан Зәки ФБ парақшасында.
Заңгер 2024 жылы 24 маусымда қоғамдық бақылау жасалып, кемшіліктер анықталғанын айтады.
- жаңа асфальттың беті тегіс емес;
- ауыр жүк көліктері өздері салған жаңа асфальтты езіп, қайтадан бүлдірген;
- тегіс жерлерде үлкен тесік-шұңқырлар өте көп, оған ағымдағы жөндеу жасауда;
- жолдың екі шеті/жиегі жоқ, тек саз балшық.

– 2024 жылы 6 қыркүйекте сәулет-құрылыс бақылау басқармасы хаттама толтырды. 2024 жылы қазанда Теректі соты судьясы Айнұр Халықова істі заңсыз қысқартты. Биыл 18 маусымда БҚО соты «Uniserv» ЖШС-ны ӘҚБтК-нің 312-бабымен (құрылысты заңды бұзып жүргізу) кінәлі деп танып, 2 584 400 теңге айыппұл салды, — деп жазды заңгер.

«Uniserv» ЖШС қанша тендер алған?
Оның сөзінше, былтыр Adildik Joly «БҚО депутаттарының тендерден қанша тапқаны туралы» жасаған анализде 2023 жыл мен 2024 жылдың 1 тоқсанында 23 млрд-қа алты шарт жасаған «Uniserv» ЖШС екені айтылған.
Заңгердің айтуынша, Атырау облысымен жалғайтын осы жолды әрі қарай салуды да осы компания бір көзден алып отыр. Goszakup.gov.kz сайтына сай, қазіргі шарттары:
- 27,4 млрд – БҚО әкімі – «Бөрлі-Ақсай-Жымпиты» жолын 68-139 км реконструкциялау
- 21,9 млрд – «ҚазАвтоЖол» – «Екатеринбург-Алматы» 856-913 км жолды күрделі жөндеу
- 20,2 млрд – БҚО әкімі – «Барбастау-Индер» жолын күрделі жөндеу 93-145 км
- 18,8 млрд – БҚО әкімі – «Чапай-Жаңақала-Сайқын» жолын 130-191 км реконструкциялау
- 8,5 млрд – Казталов әкімі – «Беспішен-Қошанкөл-Қараоба» жолын 15-49 км күрделі жөндеу
- 1,5 млрд – Тараз әкімі – «Барысхан» тұрғын алабына асфальт төсеу
- 481,6 млн – Астана әкімі – «Алматы» ауданын жинау
Барлығы жеті жерде 98,7 млрд шартын орындауда.
– Осы жұмысты сапалы жасай ма екен? Бұл енді – әкім, ҰҚК Коррупцияға қарсы қызметі мен прокурорлардың мойнында. Біздікі әділдік іздеу, қаралау емес. Халықтың несібесі – асфальт жол кемі 30 жыл тұру керек, — дейді Бауыржан Зәки.
Фото: Бауыржан Зәкидің ФБ парақшасынан

