Орал қаласының әкімдігі, мемлекеттік кірістер басқармасы мен полиция департаментінің мамандары арасында букмекерлік кеңселерге тіркелген 24 мемлекеттік қызметкер анықталды. Бұл туралы қала прокуратурасы хабарлады.
2024 жылдың 9 қыркүйегінен бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерге байланысты мемлекеттік қызметкерлерге бәс тігуге тыйым салынған.
Прокуратура осы үш мекемеге қадағалау актілерін енгізіп, нәтижесінде 24 лауазымды тұлғаға қатысты тәртіптік жаза қолданды. Соның ішінде 16 қызметкер атқарып отырған лауазымынан босатылғаны белгілі.
«OLIMPBET» компаниясының мәліметі бойынша қала әкімдігінің бір қызметкері 2021 жылғы маусым мен 2025 жылғы қаңтар аралығында жеке шотына 34 миллион теңгеден астам қаржы салған. Заңнамадағы өзгерістер күшіне енгеннен кейін шотын 1 741 000 теңгеге толықтырып, оның 971 000 теңгесінен айырылған.