Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы тексеру барысында өңірде заңсыз берілген жер телімдерін анықтады.
«Бәйтерек ауданында жалпы ауданы 45,9 гектар жер телімі бау-бақша және саяжай құрылысына сатып алу құқығымен азаматтардың жеке меншігіне заңсыз берілген. Учаскені жеке меншікке беру кезінде белгіленген төлемнің базалық мөлшерлемесі негізсіз төмендетілгені, сондай-ақ жер телімдері 1,1 млн теңге көлемінде төмен бағамен сатылғаны анықталды. Ал нақты бағасы 107,3 млн теңгені құрайды», — деп мәлімдеді прокуратураның баспасөз қызметі.
Прокурорлар аудандық жер қатынастары бөлімінің бастығына қатысты қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді (ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабының 4-бөлігі 3-тармақ) жүргізген. Қылмыстық іс аудандық сотқа жіберілді.
«Осы жылдың 16 қыркүйегінде сот сотталушыны кінәлі деп тауып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Мемлекетке келтірілген шығынды өтеу туралы талап толығымен қанағаттандырылды», — делінген хабарламада.
Айтып өтелік, жыл басында Бәйтерек ауданы прокуратурасы жер телімдерін беру заңдылығын тексеру кезінде бір азаматқа облыс орталығына жақын жерден жалпы аумағы 40,0 гектар (400 000 шаршы метр – 4 000 соттық жер) жер телімі «бағбандық және саяжай құрылысына» берілгенін анықтаған еді.
Белгілі болғандай, мемлекеттен саяжай жер телімін сатып алу құны заңсыз төмендетілгені және 4 000 соттық жер 765 мың теңгеге сатылғаны анықталды. Негізінде жер телімдерінің нақты кадастрлық құны – 119,8 миллион теңге болған.
Прокурорлық тексеру материалы СДТБТ-ға (сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі) тіркеліп, аудандық жер қатынастар бөлімінің басшысына қатысты қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілген болатын.
Қоса өтейік, облыстық жер ресурстарын басқару департаменті жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылау жүргізеді. 2023 жылы 75,3 мың гектар жер учаскесі бойынша жоспардан тыс 235 рет тексеріс жүргізілген.
Сонымен қатар жыл басында ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 136-бабы – мемлекеттік жер учаскелерін заңсыз иелену және 337-бабы – жерді бүлдіру дерегі бойынша жалпы 101 әкімшілік хаттама толтырылып, 26,2 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.
Сурет: freepik.com