Батыс Қазақстан облысының электр желілерінің 86%-ға дейін тозған, 16 мың шақырымнан астам әуе желісі жаңартуды қажет етеді, ал компанияның өзінде 130-ға жуық маман тапшы. Бұл туралы «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» (БҚ АЭЖК) ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Асқар Ғайсин Sarapshy.info ақпарат агенттігіне хабарлады.
Оның айтуынша, желілерді қалпына келтіруге шамамен 168 млрд теңге қажет, ал қолданыстағы тариф бұл шығындарды өтеуге жетпейді. Соның салдарынан компанияның дебиторлық берешегі өсіп, тарифті тағы 17 теңгеге өсіру ұсынылып отыр.
Қолданыстағы тариф компанияның шығынын жаппайды
Электр қуатының қазіргі тарифі – 11,31 теңге. Ал БҚ АЭЖК-ның шығындары бұдан әлдеқайда жоғары болғандықтан, компанияның берешегі жыл сайын көбейіп келеді. Ғайсинның өзі бұны өткір мәселе ретінде атап өтті.
2023 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан электр энергиясын сатып алу жүйесін өзгертіп, жергілікті компаниялар «Бірыңғай сатып алушыдан» электр энергиясын алуға міндеттелді. Бұл өзгеріс БҚ АЭЖК шығындарын одан әрі көбейтті.
«Қаржылық берешегіміз бар. Қолданыстағы тариф өте төмен болғандықтан, шығындарды жабу мүмкін болмай отыр. Осы себепті қарыз көлемі жылдан-жылға артып келеді», – дейді Асқар Ғайсин.
Сонымен қатар БҚ АЭЖК-ның Ұлттық электр желісі операторы мен жөндеу және инвестициялық жобаларға материал жеткізушілер алдында қарыздары бар.
Компания басшысы берешек сомасының үлкен екенін ашық айтты, бірақ уәкілетті органдармен келісім аяқталмайынша нақты көлемін жариялай алмайтынын жеткізді.
Айта кетейік, шілде айында компания берешек туралы деректі ресми сайттарына жариялаған, кейін бұл ақпарат сайттан жойылды.
Кадр тапшылығы: «130-149 мың теңгеге жұмыс істегісі келетіндер аз»
Электр желілік компанияның қаржылық берешегі өз алдына бір мәселе болса, облыстағы электр энергетикасы саласындағы мамандардың тапшылығы жалпы жағдайды одан да қиындатып тұр.
Қазір компанияға 130 маман қажет. Оның ішінде 70-ке жуық электромонтер, 30 жүргізуші, 20-ға жуық шебер мен техникалық қызмет мамандары штат бірлігі бос тұр.
«Ауылдағы электромонтердің жалақысы — 149 мың теңге. Жүргізушілер 130–140 мың теңге алады. Бұл деңгейде мамандарды ұстап тұру өте қиын», – деп мойындады Асқар Ғайсиннің өзі.
Қазір компания колледждер мен университеттермен келісім жасасып, жас мамандарды тартуға тырысып жатыр. Алайда тәжірибе жинаған мамандарға бәсекелес өңірлер жоғары жалақы ұсынып өздеріне шақырады.
2026 жылы тариф қымбаттауы мүмкін
2026 жылы электр энергетикасы тарифтерін тағы өсіруге тура келеді, деп мәлімдеді Ғайсин. БҚ АЭЖК қазіргі тарифтің өз шығындарын ақтамайтынын, ал инфрақұрылымды жаңартуғақосымша қаржы қажет екенін айтып отыр.
«Біз тарифті шамамен 17 теңгеге көтеру туралы ұсыныс тастадық. Тарифті өсіруге 2025 жылғы шығындарды жабу, жалақы мәселесін шешу және техникалық базаны жаңарту қажеттілігі себеп болып отыр», – деді бас директордың міндетін атқарушы.
Бұдан бөлек компания тариф бағасын көтеруге электр қуатының өндіріс және жеткізу құнының артқанын, ЖЭК-ті қолдау тарифінің 20%-ға көтерілуі мен электр транзиті тарифінің 31%-ға өсуін арқау етіп отыр.
16 мың шақырым электр желісін жаңарту қажет
БҚО-дағы электр инфрақұрылымының ең әлсіз тұсы – тозған желілер. Кейбір станциялар мен бағаналар 50–60 жылдан бері ауыстырылмаған.
«Облыс бойынша электр желілерінің тозуы деңгейі 78%-86%-ды құрайды. 16 мың шақырым әуе желісі мен 135 мыңдай ағаш бағананы жаңарту қажет», — деді бас директордың міндетін атқарушы.
Желілерді толық жаңарту үшін есептелген қаржы көлемі – 168 млрд теңге. Осы қаражатты игергеннің өзінде электр инфрақұрылымының 20%-ын жаңарту мүмкін болады. 2025 жылы жөндеу жұмысына 500 млн теңге бөлінген.
«Егер толық қаржыландыру берілсе алдағы бес-алты жылда желілердің тозуын 20%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік бар», – деді Асқар Ғайсин.
фото: freepik.com

