БҚО-да есірткі заттарын таратқан 36 жастағы әйел ұсталды

Орал қаласында интимдік қызмет көрсетумен және есірткі заттарын таратумен айналысқан 36 жастағы әйел ұсталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.

Оған қоса іздестіру іс-шаралары кезінде екі шетел азаматының қатысуымен жасалған есірткі зертханасы жойылды.

«Жалға алынған үйді тінту барысында синтетикалық есірткі өндіруге арналған жабдық және сатуға дайын тоғыз килограмм мефедрон тәркіленді. 27 мыңнан астам бір реттік доза айналымға жіберілмеді. Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Данияр Мейірхан.

Ішкі Істер министрлігінің хабарлауынша, Қазақстанда есірткі қылмысына қарсы іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіледі.

Аймақтардағы операциялар

Алматы облысында есірткі зертханасы жойылды. 35 жастағы ер адам ұсталып, одан 300 грамнан астам мефедрон және 36 кг прекурсор тәркіленді.

Екібастұзда синтетикалық есірткі өндіретін зертхана анықталды. Екі жергілікті тұрғын есірткіні интернет арқылы сатуды жоспарлаған.

Елордада есірткіні жарнамалайтын QR-кодтары бар стикерлерді жапсырумен айналысқан 27 жастағы әйел ұсталды.

Ақмола облысында есірткіні өз үйінде және жалға алынған жертөледе сақтаған 54 жастағы ер адам құрықталды. Тәркіленген заттар: 34 кг марихуана және 2 кг гашиш.

Атырауда 38 жастағы ер адам мен 28 жастағы әйел ұсталып, олардың көлігінен 81 синтетикалық есірткі орамы табылды.

Қостанай облысында 16 жастағы студенттен 25 синтетикалық есірткі орамы тәркіленді.

Сурет: polisia.kz

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз