Батыс Қазақстан облысында екі кәсіпорын өз қызметкерлеріне 15,2 млн теңгеден астам жалақы қарыз болып отыр. Бұл туралы мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Арман Тұйғынбетов хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, қазіргі таңда аталған екі кәсіпорында барлығы 29 адамның алдында еңбекақы берешегі бар. Қарыз сомасы 15,227 млн теңгені құрайды. Еңбек инспекциясы бұл жағдайды әлеуметтік шиеленіс пен еңбек дауларының туындау қатері бойынша мониторинг аясында бақылауға алған.
Қазіргі уақытта жалақы қарыздарын өтеу мақсатында заңнамаға сәйкес барлық шаралар қабылдануда. Соның ішінде кәсіпорындардың мүлкіне тыйым салу және оны сату арқылы қызметкерлер алдындағы берешекті өтеу шаралары қолданылып жатыр.
2025 жылы БҚО-да екі адам жұмыс орнында қаза тапқан. Марқұмдардың бірі қабырғаны әктеу кезінде биіктіктен құлап мерт болған, ал екіншісі кран-манипулятор орнатылған алаңда тайып кеткен.
Биыл мемлекеттік еңбек инспекциясына 1144 өтініш келіп түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34%-ға жоғары.
фото: freepik.com

