Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданында мемлекеттік кітапханадан 46 млн теңге жымқырған бухгалтерлерге қатысты сот ісі аяқталды. Бұл туралы БҚО соттарының баспасөз қызметі хабарлады.
Сот екі айыпталушыны да жеті жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қоса, оларға материалдық жауапкершілік пен бухгалтерлік қызметпен байланысты лауазымдарды атқаруға тыйым салынды.
2023-2025 жылдары бухгалтерия бөлімінің басшысы мен есептеу бөлімінің маманы бюджет қаражатын өздерінің жеке есепшоттарына аударып отырған.
Есепшілер ішкі бақылау жүйесін айналып өту үшін аударымдарды рәсімдеу кезінде директордың электронды қолтаңбасын қолданып келген.
Сотта айыпталушылар кінәсін толық мойындап, келтірілген залалды өтеуге келісті.
фото: freepik.com

