Батыс Қазақстан облысының аумағында газдандыру деңгейі 99,8% деп көрсетілгенімен, өңірде көгілдір отынға қол жеткізе алмай отырған бірнеше ауыл бар. Бұл туралы БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Қонысбаев мәлімдеді.
Қаржы жетпей, газдандыру кейінге қалып отыр
Жаңақала ауданының Аққұс пен Үшкемпір, Ақжайықтағы Қадырқұл, Тасқаладағы Өркен, Бәйтерек ауданындағы Богатск пен Забродино ауылдарын газдандыру жобалары дайын болғанымен, олардың жүзеге асуы қаржыландыруға байланысты шегерілді, деді басқарма орынбасары.
Аталмыш жобалардың жалпы құны – 800 миллион теңге, Құрылыс жұмыстарының қашан басталатыны белгісіз. Егер қаражат уақтылы бөлінбесе, аталған 6 ауылдың тұрғындары тағы бір қыс маусымын көгілдір отынсыз өткізеді.
100 шақырым газ құбырына 1 млрд теңге
Облыстағы ең өзекті мәселенің бірі – 65 елді мекенді газбен қамтып отырған «Белес-Тайпақ» жоғары қысымды газ құбырының апатты жағдайы. Ұзындығы 349 шақырымды құрайтын магистраль тозығы жеткендіктен, кез келген уақытта істен шығуы мүмкін.
Құбырдың 100 шақырымын жаңартуға биыл республикалық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. Алайда қалған 249 шақырымы ескі. Егер жоспарланған жөндеу жұмысы кешіксе, өңірдің 55 мыңға жуық тұрғыны газсыз қалмақ.
Басқарма басшысының орынбасары бұл мәселенің «стратегиялық маңызға ие» екенін атап өтіп, жобаның толық жүзеге асуы да қаржыландыруға тәуелді екенін жеткізді.
Жаңа аудандағы жоба кідіріп жатыр
Орал қаласындағы жаңа Ақжайық шағынауданына газ тарататын станцияның құрылысы әлі басталмады. Шағынауданға қажет150 000 текше метрлік автоматтандырылған газ тарату станциясының жобасы дайын болғанымен, құрылыс жұмыстары тек қаражат бөлінсе ғана келер жылы қолға алынбақ.
фото: freepik.com

