Осыдан 100 млн жыл бұрын тіршілік еткен ихтиозаврдың қаңқасы Ақжайық атырабынан табылды. Мұның ғылыми жаңалық екенін айтқан мамандар оған енді «Қазақстанозавр» деген атау бермек. Олардың айтуынша, бұл мақұлық суды мекендеген ихтиозаврлардың арғы атасы көрінеді. Бұл жөнінде «Астана» телеарнасы хабарлады.
Қазір табылған қаңқа сүйектері зерттеліп жатыр.
Тұрқы ешбір жануарға ұқсамайтын үлкен сүйекті Бәйтерек ауданындағы жас геологтар тобы тапқан. Бірақ бұл «олжаны» зерттейтін ғалымды ұзақ іздеуге тура келіпті. Кейін олар табылған сүйектің динозаврға ұқсамайтынын анықтап, ғылыми жаңалық ашылғанын мәлімдеді.
«150 мың жыл бұрын осы ихтиозавр сол жерде болған деп айтады ғой. Теңіз болды дейді. Теңіз кезінде шайылып келген дейді ғой. Жердің 1-2 метр астында сүйектері бар дейді. Бүгінгі күні жердің өзгерістеріне байланысты астындағы сүйектердің кейбірі бетіне қарай шығып жатыр. Балалар зерттеу жұмысын қызығушылықпен жүргізіп жатыр», — деді БҚО балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Ғалым Бекқалиев.
Сүйекті зерттеген Назарбаев университетінің ғалымдары ихтиозаврдың 3D форматындағы графикалық пішімін жасады. Озық технология көмегімен есте жоқ ескі заманда тірлік еткен хайуанның көшірмесін тарихта қалдырмақ.
«Біз Назарбаев университетінен арнайы музей ашып, ихтиозаврдың сүйегін сонда сақтамақпыз. Мақұлықтың қалдығын зерттеген ресейлік ғалымға «Қазақстанозавр» деген атау беруді ұсындық. Бұл осыдан 250 млн жыл бұрын Батыс Қазақстанда тіршілік болғанын білдіреді. Сол кезде Қазақстанның бір ширегін мұхит басып жатқан еді. Сондықтан ихтиозаврды теңізде тіршілік еткен дегеніміз дұрыс», — дейді Назарбаев университеті мектебінің деканы Рэнди Хазлетт.
Балалардың зеректігі мен алғырлығына тәнті болған ғалымдар оларға геологиялық құралдарды тарту еткен. Тескіш, балға, шапқы және өзге де жабдықтарды енді жас геологтар зерттеу жұмыстарына қолданбақ.
Жалпы ихтиозаврлар – триастың орта шенінен бор кезеңінің соңына дейін де тіршілік еткен бауырымен жорғалаушылардың бір класс тармағы.
Олардың пайда болуы жөнінде әртүрлі пікірлер бар. Кейбір ғалымдар котилозаврлардан, оның ішінде капториноморфтардан пайда болған десе, екінші бір зерттеушілер – тасбақалардың арғы тегі деген жорамал айтады.
Сурет: «Астана» телеарнасы