Елімізде энергия өндіретін ұйымдардың отын үшін кредиторлық берешегінің едәуір сомасы қалыптасты. Бұл жөнінде Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты, деп жазды ҚазАқпарат.
«Энергия көздерінің отын қоймаларында 4,4 млн тонна көмір бар, бұл былтырғы деңгейінен 9%-ға артық. 131,9 мың тонна мазут жинақталған, осы көрсеткіш өткен жылдың деңгейінен 32 пайызға жоғары. Сонымен қатар «Севказэнерго» АҚ ЖЭО-2-де көмір қоры нормативтік деңгейінен төмен. Министрлік қыркүйек айынан бастап 257 мың тонна көлемінде «әлеуметтік» мазутты жеткізу кестесін бекітті. Шарттар жасасуды және отынның тиісті қорын қамтамасыз етуді жеделдету қажет», — деді Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, энергия өндіруші ұйымдардың отын үшін кредиторлық берешегінің едәуір көлемі маңызды проблема саналады.
Энергия өндіруші ұйымдардың «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ алдындағы берешегі 17 млрд теңгеге жуық. Сондай-ақ энергия өндіруші ұйымдардың «Богатырь-Көмір» ЖШС алдында 94 млн теңге сомасында берешегі бар.
Фото: Freepik.com

