30 жыл ішінде Азия даму банкі Қазақстанда көлік, энергетика, цифрлық даму, тұрғын үй инфрақұрылымы және әлеуметтік саладағы жобаларды 7,5 млрд доллардан астам сомаға қаржыландырды. Бұл жайында премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің Қазақстандағы Азия даму банкі (АДБ) өкілдігінің директоры Кумар Утсавпен кездесуінде белгілі болды.
Инвестиция құйған жобалар қатарында «Ақтөбе – Қандыағаш» автожолын қайта жаңарту, «Қызылорда – Павлодар – Үспен – РФ шекарасы» трассасының «Қызылорда – Жезқазған» учаскесі бар.
Сондай-ақ Еуразиялық даму банкі өткен жылы Қазақстан экономикасына 1,4 млрд доллар инвестиция салды. Ал қазақстандық жобалардың банк портфеліндегі үлесі 60%-ға жетті. 2025 жылы ЕАДБ портфеліне жалпы инвестиция сомасы 16,5 миллиард доллар болатын 305 жоба енді. Банк өз жұмысында көлік инфрақұрылымы, цифрландыру, жасыл энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және машина жасау салаларындағы интеграцияға тиімді әсер ететін жобаларға басымдық береді.
Ал Ислам даму банкі биыл елде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін 1,1 млрд долларға дейінгі сомамен қаржыландырады.
Еуропа қайта құру және даму банкі болса, 2024 жылы Қазақстан экономикасына 930 млн еуро тікелей инвестиция салып, қосымша 300 млн еуро тартуға жәрдемдескен. Осылайша ел экономикасына құйылған қаражат көлемі 1,2 млрд еуродан асқан. Қаражат инфрақұрылым, энергетика, шағын және орта бизнес, әйелдер кәсіпкерлігі, «жасыл» экономика және шикізат салаларына жұмсалған.
Ұлттық банк дерегіне сүйенсек, Қазақстанның сыртқы борышының көлемі жыл басынан бастап 5,7 млрд долларға ұлғайып, сәуірде 170,5 млрд долларды құрады.
2025 жылдың бірінші тоқсанында сыртқы борыш төлем балансы бойынша операциялардың есебінен 3,4 млрд долларға және бағалық, бағамдық және басқа өзгерістер есебінен 2,3 млрд долларға өсті.
Қазақстанның сыртқы борышының құрылымында өтеу мерзімі бойынша 87,1% ұзақ мерзімді сыртқы борышқа тиесілі.
Фото: Freepik.com

