Қазақстандықтардың Түркияға сапары рекорд орнатты

Елде түрік жағалауларына демалыс жолдамасының бағасы маусымда 28,5%-ға артты, шілдеде – 35,5%, тамызда – 39,3% болды. Жақында Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі елге шетелден келушілер жайлы жаңа статистика жариялады. Онда маусым-тамыз аралығында Қазақстан азаматтарының Түркияға 440,4 мың рет кіргені анықталды.

Data Hub мәліметінше, қазіргі көрсеткіш өткен жылдың деңгейінен 7% жоғары болып қана қойған жоқ, сондай-ақ 2014 жылдан бері жаз айларындағы ең жоғары нәтиже болды.

Мәселен, 2019 жылы, яғни пандемияға дейін, жыл бойғы көрсеткіш сәл ғана жоғары болған.

Атап өтейік, бұл – қазақстандықтардың Түркияға баруының статистикасы. Отандастарымыздың не үшін және қанша уақытқа барғаны белгісіз. Дегенмен 2022 және 2023 жылдардағы нақты деректер негізінде ең танымал бағытты Анталия деп ұйғаруға болады.

Қоса өтейік, сонымен қатар жаз мезгілінде Түркияға жолдама рекордтық қарқынмен қымбаттады.

Биылғы маусымда ел бойынша Түркиядағы демалыстың құны былтырғы аймен салыстырғанда, орта есеппен 28,5%-ға өсті.

Өңірлер бойынша баға Қызылорда облысында айтарлықтай көтеріліп, бірден 82%-ды құрады, ал Астана мен Алматыда баға шамамен үштен біріне өсті.

Биыл алғашқы алты айда Жерорта теңізіндегі елге барушылар саны 13,9 пайызға артқан.

Түркияның осы кезеңдегі туризм кірісі 9,3 пайыз өсіп, 23,7 миллиард долларға жетті. Елге бір келушінің күнделікті шығыны 98 АҚШ доллары болған.

Қонақтарды Түркияның негізгі туристік орталықтары Анталия, Ыстамбұл, Измир және Мугла қызықтырады.

Сондай-ақ Түркияның баға жетпес тарихи, мәдени және археологиялық мұрасы қызығушылық тудырады. Мемлекеттің мұражайлары мен тарихи орындары 14 миллионға жуық туристті қабылдады. Осы кезеңде Түркиядағы ең көп барған орындар Измирдегі Эфес, Кониядағы Мевлана мұражайы, Денизлидегі Хиераполис және Памуккале, Кападокия, Невшехирдегі Гореме мен Зелва, Пашабаглари болған.

Ал еліміздің ҰҚК Шекара қызметінің дерегіне сүйенсек, 2023 жылғы қаңтар-желтоқсанда басқа елдерде болған қазақстандықтардың саны 10,5 млн адамнан асты.

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 37,2%-ға артық. Шетелге саяхаттайтындардың негізгі бөлігі – табысы орташа деңгейден жоғары 26 мен 40 жас аралығындағы жандар.

Сурет: pixabay.com

Әлеуметтік желілер арқылы бөлісуді ұмытпаңыз

Добавить комментарий