Елімізде жылу үшін төленген 1,6 млрд теңге тұтынушыларға кері қайтарылады.
«Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті жылу энергиясын есепке алу аспаптары жоқ тұтынушылар үшін жылумен жабдықтау қызметтерінің құнын қайта есептеу жөніндегі жұмысты аяқтады», — деп мәлімдеді комитетінің баспасөз қызметі.
Бұл есеп табиғи монополиялар субъектілерін сыртқы ауаның нақты температурасына байланысты жылу есептеулерін түзетуге міндеттейтін заңнамаға сәйкес жүргізілген.
Есеп қорытындысы бойынша азаматтарға 1 554,7 млн теңгеден астам (ҚҚС есебімен) қаржы қайтарылмақ. Қаражат дербес шоттарда жеке жолмен – 2024-2025 жылдардағы жаңа жылыту маусымында аванс (сальдо) түрінде немесе 2025 жылдың соңына дейін күнтізбелік жыл ішінде көрсетілетін болады.
Қаржыны қайтару еліміздің барлық өңірінде жүргізіледі.
• Астана – 224,5 млн теңге
• Алматы – 74,2 млн теңге
• Қарағанды облысы – 457,0 млн теңге
• Шығыс Қазақстан облысы – 257,2 млн теңге
• Маңғыстау облысы – 176,7 млн теңге
• Қостанай облысы – 106,9 млн теңге
• Солтүстік Қазақстан облысы – 74,8 млн теңге
• Ақмола облысы – 44,3 млн теңге
• Павлодар облысы – 34,8 млн теңге
• Қызылорда облысы – 23,9 млн теңге
• Ақтөбе облысында – 24,1 млн теңге
• Жамбыл облысы – 21,4 млн теңге
• Абай облысы – 19,9 млн теңге
• Атырау облысы – 11,0 млн теңге
• Батыс Қазақстан облысы – 3,4 млн теңге
• Алматы облысы – 0,5 млн теңге
• Түркістан облысы – 0,1 млн теңге
• Жетісу – 0,03 млн теңге
«Шымкент пен Ұлытау облысының тұтынушылары үшін есептеулерді түзету қарастырылмаған. Өйткені реттелетін қызметтің құны сыртқы ауаның нақты температурасын ескере отырып қалыптастырылған. Айта кету керек, Астанада жылыту маусымы бойы ай сайын қайта есептеу жүргізілді. Бұл температураның өзгеруін дәлірек ескеруге және тұтынылған жылудың нақты көлемін көрсетуге мүмкіндік берді», — делінген хабарламада.
Фото: Freepik.com

