2025 жылғы маусымда қазақстандықтар тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 82,5 мың біржолғы зейнетақы төлемін алған. Бұл өткен аймен салыстырғанда 35%-ға көп.
Орындалған өтініштер бойынша төленген жалпы сома 43,6 млрд теңгені құрады, бұл мамырмен салыстырғанда небәрі 10%-ға артық. Осыған байланысты бір өтінішке шаққандағы орташа сома төмендеді: мамырда 648 мың теңге болса, маусымда бұл көрсеткіш 528 мың теңгеге дейін азайған.
2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша қазақстандықтар тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін 3,9 трлн теңге зейнетақы жинағын алған. Бұл қаражатты 816 мыңға жуық адам пайдаланып үлгерген.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін эксперт Анель Давлетғалиева Sarapshy.Info-ға берген сұқбатында 2024 жылдың қаңтар-қараша аралығында тіркелген тұрғын үй мәмілелері саны былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 15,1%-ға артқанын мәлімдеген болатын.
Өңірлік бөліністе Алматы қаласы көш бастап тұр — мұнда тұрғындар 1 трлн теңгеден астам қаражат алған. Одан кейін Астана (675 млрд теңге) мен Маңғыстау облысы (580,2 млрд теңге) тұр. Ең төмен көрсеткіштер Алматы облысы (4,2 млрд теңге) мен Ұлытау облысына (11,5 млрд теңге) тиесілі.
Емделуге арналған зейнетақы төлемдері де артқаны белгілі. Маусымда бұл мақсатта 40,1 мың өтініш орындалған. Ал жалпы алғанда, емделуге 745,3 млрд теңге бөлінген.