2025 жылдан бастап елімізде туу туралы куәлікті алу үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына (ХҚКО) бару міндетті болмайды. Қазақстандықтар туу туралы куәлікті енді «Kaspi Bank» АҚ постаматтары арқылы ала алады. Бұрынғыдай халыққа қызмет көрсету орталығына барудың қажеті жоқ. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
«АХАТ органдары берген электронды құжаттар бойынша – туу, қайтыс болу, неке қию және некені бұзу туралы куәліктер мен анықтамалар бойынша электрондық апостильді қолдануды дамыту жоспарлануда. Жаңа өзгерістер азаматтарға аталған құжаттарды алуға және оларға бір өтініш шеңберінде апостиль қоюға мүмкіндік береді. Бұл қызметке 2025 жылдың төртінші тоқсанында қол жеткізілетін болады», – делінген хабарламада.
Постамат – сәлемдеме немесе құжаттарды алуға арналған автоматты жәшік. Жәшік белгілі бір мекемелердің, дүкендердің ішінде орналасады. Бұл кез келген тапсырыс берген затыңызды үйіңізге жақын маңнан алып кетуге мүмкіндік береді.
Жеткізу қызметі 2025 жылдың төртінші тоқсанында іске қосылады деп жоспарланған. Жобаны Әділет министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп жасамақ.
Осы уақытқа дейін құжат халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) мен электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы қолжетімді болды.
Құжатты дайындауға ата-ананың жеке куәлігі, неке туралы куәлік (егер бар болса) пен баланың тууы туралы медициналық анықтама (перзентханадан беріледі) қажет.
- Егер ата-аналардың некесі тіркелмеген болса, туу туралы куәлікте баланың тегі мен әкесінің аты анасының өтініші бойынша жазылады.
- Шетелде туылған балалардың куәлігін алу үшін Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктеріне жүгінуге болады.
Сондай-ақ қазір перзентханадан шыққаннан кейін нәрестені тіркеу процессін SMS арқылы жасауға болады.
Сурет: Ашық дереккөздерден