2025 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында Қазақстан мен Ресей арасындағы теміржол көлігімен тасымал көлемі 71,6 млн тоннаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 5%-ға артты. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған кезеңде жүк экспорты 43,8 млн тоннаға жеткен.
Ресей порттары арқылы тасымалданған қазақстандық көмірдің көлемі 9,6 млн тоннаны құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 2,5 млн тоннаға немесе 34%-ға артық. Экспорттың негізгі бағыттары – Балтық теңізі порттары (6,2 млн тонна, +18%) және Азов-Қара теңіз бассейні порттары (3,4 млн тонна, +83%).
Сондай-ақ, Қазақстаннан Ресей аумағы арқылы экспортталатын астық көлемі бес есеге өсіп, 1,9 млн тоннаға жеткен. Оның 500 мың тоннасы Ресей порттары арқылы жөнелтілген, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 20%-ға жоғары. Экспорт құрылымына астық, жасымық және техникалық дақылдардың тұқымдары кіреді.
фото: ҚТЖ

