Биыл елде қаңтар-тамыз айларында жүк тасымалының көлемі 753 млн тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,8% артты. Бұл жөнінде Ұлттық статистика бюросы жазды.
Барлық көлік түрі арқылы жүк пен багаж тасымалдаудан түскен кіріс 3,7 млрд теңгені құрап отыр.
Өңірлердегі жүк айналымының өсімі:
- Астана қаласында – 15,2%
- Алматы қаласында – 1,5%
- Атырау облысында – 47,8%
- Жетісу облысында – 41,1%
- Абай облысында – 30%
Көлік түрлері бойынша ең үлкен жүк тасымалы теміржол көлігіне тиесілі. Яғни, 300,3 млн тонна болып отыр. Бұл өткен жылдың қаңтар-тамыз айларымен салыстырғанда 11,4% көп.
Автомобиль көлігімен тасымал көлемі де 1,8% өскен. Ұлттық статистика бюросы өсім құбыр арқылы тасымалдауда да байқалғанын жазды. Жүк тасымалы 228,1 млн тонна болды. Бұл нәтиже өткен жылдың деңгейінен 16,5% жоғары.
Сондай-ақ әуе көлігі арқылы 19,1 мың тонна жүк тасымалданды. 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жүк тасымалы 7,5% артық болды.
Теңіз және жағалау көлігі де өсім көрсетіп, 30,6%-ды құрады. 2025 жылдың сегіз айында 2 485,5 мың тонна жүк тасымалданды.
Бұған дейін өткен жылы Қазақстанда жүк тасымалдау тарифтері 2023 жылмен салыстырғанда 3,8% өскенін жазған едік. Белгілі болғаны, автотасымалдау құны 1,6% өсті. Ал автомобиль көлігімен халықаралық тасымалдау 1,3% қымбаттады, ішкі автотасымалдар – 1,8% өсті.
Фото: Freepik.com

