Қазақстанның екінші деңгейлі төрт банкі прокуратураның мәлімдемесіне жауап берді. 2 қыркүйекте прокуратура ірі банктердің бірқатар қызметкерінің ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны жөнінде хабарлаған еді.
«Kaspi Bank», «Forte Bank», «Еуразиялық банк» және «Alatau City Bank» прокуратура органдарынан өздерінің бұрынғы немесе қазіргі қызметкерлерінің аталған тергеуге қатысы бар екені жөнінде ресми хабарлама алмаған. Бұл жөнінде Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы мәлімдеді.
Қазір аталған қаржы ұйымдары прокуратураға ресми сұрау жолдап, істің мән-жайын анықтамақ.
Банктер мәліметінше, бұрынғы немесе қазіргі қызметкерлерінің осы қылмыстық іске қатысы туралы нақты деректер белгісіз.
Қаржы ұйымдары істі растайтын ресми құжаттарға қол жеткізгеннен кейін құқық қорғау органдарына барынша көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ банктер қызметтерін заңға сай, ашық жүргізетінін атап өткен.
Еске салайық, қазір Ақмола облысында алаяқтықпен айналысқан қылмыстық топқа қатысты тергеу аяқталған. Аталған топтың қатысуымен бес жылдан астам уақыт бойы алаяқтық әрекеттер жасалған.
Елдің 348 азаматы қылмыс құрбаны болды. Топ табыс-кірісі аз, көмекке мұқтаж азаматтардың атына несие рәсімдеп, алдаған. Адамдарды бопсалап, ұрлаудан да тайынбаған. Ал келтірілген шығын көлемі 3,7 млрд теңгеге жетті.
Фото: Istockphoto.com

