2025 жылдың 18 тамызында Қорғаныс министрлігі Қазақстан Қарулы күштері қызметкерлерінің ішкі байланысы үшін отандық Aitu мессенджерін қолданысқа енгенін хабарлады. Бұл жаңалық көпшілік арасында қызу талқыланып, әлеуметтік желілерде «енді елімізде WhatsApp пен Telegram-ды қолдануға болмайды» деген сыбыс тарады.
Алайда бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ресми түсініктеме беріп, шетелдік мессенджерлерді жеке мақсатта пайдалануға ешқандай тыйым салынбайтынын айтты. Яғни азаматтар бұрынғыдай WhatsApp, Telegram және басқа да халықаралық сервистерді күнделікті еркін қолдана алады.
Aitu мессенджері не үшін қажет?
Aitu қосымшасы орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға, сондай-ақ квазимемлекеттік ұйымдарға қызметтік коммуникация құралы ретінде ұсынылады.
Мессенджердің негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс барысында алмасатын ақпаратын қауіпсіз сақтау және қорғау. Қазіргі таңда шетелдік сервистердің деректері басқа елдерде орналасқан серверлер арқылы өңделетіні белгілі. Бұл фактор ұлттық қауіпсіздікке әсер етуі мүмкін.
Ресейдегі шектеу
Көршілес Ресейде Telegram мен WhatsApp мессенджерлерінің кейбір функцияларына шектеу қойылды. Қазір аталмыш қосымшалар арқылы қоңырау шалу қиынға соғады. Бәріне себеп – МАХ мессенджері. Владимир Путиннің айтуынша, бұл бастама Ұлттық ақпарат алмасу желісінің негізін қалайды. Қазір МАХ-тың қолданушылар саны 18 млн адамға жетті.

Ресейдегі шектеу қазақстандықтарды да алаңдатқаны анық. Aitu бағдарламасының төңірегіндегі сыбыс та осы себептен пайда болды.
Қорытынды
«Қазақстанда WhatsApp пен Telegram-ды қолдануға тыйым салынады» деген ақпарат – жалған.
Жаңа мессенджер халық күнделікті қолданатын халықаралық сервистерді алмастырады деуге негіз жоқ. Ол тек мемлекеттік сектордағы деректердің қауіпсіздігін арттыруға арналған қосымша құрал ретінде қолданылады.
фото: freepik.com

