Қазақстанда такси қызметіне сұраныс екі есе өсті. 2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында такси қызметі 20,6 миллион рет пайдаланылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,4 есе көп. Data Hub аналитикалық арнасы сол жөнінде статистикалық мәліметтер жариялады.
Қаңтар мен ақпан айларында, әр айда шамамен 10 миллион адам такси шақырған. Жалпы, бұл өсім соңғы бес ай бойы жалғасып келеді, яғни әр айда 7 миллионнан астам жолаушы жеңіл көлікке мінген.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, мұндай жоғары нәтиже 2022 жылдан бері бірінші рет тіркелген.
Data Hub аналитикалық арнасының мәліметінше, такси қызметіне сұраныс белгілі бір маусымға тәуелді емес. Әдетте, желтоқсанда Жаңа жылға дайындық кезінде сұраныс жоғарылап, қаңтарда төмендеуі керек еді. Бірақ нақты деректерде ондай айырмашылық байқалмайды – адамдар таксиді жыл бойы бірдей деңгейде қолданады.
2025 жылдан бастап такси жүргізушілеріне талап күшейетінін жазған едік. Олар әкімдікте тіркелуі, тасымалдаушымен еңбек шартын жасауы немесе жеке кәсіпкер ретінде салық төлеуі керек.
Сурет: Ашық дереккөздерден