Қазақстанда зейнетақы жинағын тіс емдеуге аудару тоқтатылады. Бұл жөнінде «Отбасы банк» мәлімдеді.
«15 қыркүйектен бастап enpf-otbasy.kz платформасында тіс емдеуге зейнетақы жинақтарын (БЖЗҚ қаражатын) пайдалану бойынша өтінімдер қабылдау тоқтатылады.
Аталған күнге дейін берілген барлық өтінімдер қалыпты тәртіпте қаралады», – деп хабарлады Отбасы банк.
Сондай-ақ банк хабарландыруында тіс емдеуге БЖЗҚ қаражатын пайдалану үшін өтінім қабылдау қайта қашан басталатыны туралы қосымша хабарланатыны айтылды.
Бірер күн бұрын Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жалған стоматологиялық қызмет көрсету арқылы 200 миллиард теңгені заңсыз шығару фактілері анықталғанын айтты.
2024 жылы 172 млрд теңгеге стоматологиялық қызмет көрсетілген. Жалпы бағдарлама жүзеге асқан 2021 жылдан бері 642 млрд теңге тіс емдеуге жұмсалған.
Фото: Freepik.com

