Бүгіннен бастап Starlink компаниясы Қазақстан аумағында спутниктік интернет қызметтерін ресми түрде ұсына бастады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі хабарлады.
Енді ел азаматтары SpaceX компаниясына тиесілі төмен орбиталы Starlink спутниктері желісі арқылы интернетке қосыла алады.
«2025 жылғы 12 маусымда Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Starlink компаниясы қызмет көрсету барысында Қазақстан заңнамасын толық сақтау жөнінде келісімге қол қойды. Бұл келісім ақпараттық қауіпсіздік пен байланыс саласындағы барлық талаптарды орындауды қамтиды. Starlink технологиясы шалғай және қолжетімділігі қиын аймақтарда да тұрақты интернет қосылуын қамтамасыз етіп, халыққа заманауи цифрлық сервистерді пайдалануға мүмкіндік береді», — делінген министрлік хабарламасында.
Тарифтер, қосылу шарттары және қосымша ақпарат SpaceX компаниясының ресми сайтында www.starlink.com жарияланды.
Ресми сайттағы дерекке сүйенсек, үйге арналған стационарлық шексіз интернет айына 23 мың және 31 мың теңге тұрады. Ал жол үстінде жұмыс істеуге арналған интернет айына 26 мың (50 ГБ) және 52 мың теңге (шексіз) болады.
Бизнеске арналған тарифтер ай сайын 50 ГБ үшін – 28 мың теңге, 500 ГБ үшін – 72 мың теңге, 1 ТБ үшін – 127 мың теңге, ал 2 ТБ үшін – 237 мың теңге болады.
Сонымен қатар интернет жабдығы бөлек сатып алынады. Оның құны – 104 мың теңге.

Starlink – елдің шалғай өңірлерін жоғары жылдамдықтағы спутниктік интернетпен қамтамасыз етуде маңызды қадам болмақ. Бұл цифрлық байланыс мүмкіндіктерін кеңейтіп, телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға серпін береді.
«Қазақстан – аумағы кең, халқы әр өңірге шашыраңқы орналасқан ел. Барлық тұрғындарды сапалы интернетпен қамту үшін біз талшықты-оптикалық байланыс желілерінен ұялы байланыс мұнараларына дейінгі түрлі тәсілдерді қолданамыз. Алайда жайылымдар, таулы ауылдар мен шалғайдағы кәсіпорындар сияқты қолжетімділігі күрделі аймақтар да бар. Ондағы тұрғындар да сапалы интернетке қол жеткізуі тиіс. Қазіргі таңда әлемде бұған мүмкіндік беретін технологиялар бар. Бүгінге дейін Starlink елімізде тек мектептерге интернет ұсынып, пилоттық режимде жұмыс істеп келді. Ал халық үшін ол ресми түрде қолжетімсіз еді. Енді біз келісімге келдік, компания ақпараттық қауіпсіздік пен байланыс саласындағы ұлттық заңнама талаптарына сай жұмыс істейтін болады. Биыл қажетті жұмыстар жүргізіліп, тұрғындар ресми әрі заңды түрде спутниктік интернетке қосыла алады», — дейді министр Жаслан Мадиев.
Starlink спутниктік интернеті 1 800-ден астам мектепке орнатылды
Қазір америкалық кәсіпкер Илон Масктің SpaceX компаниясының спутниктік интернеті көптеген елде қосылған. SpaceX Жер орбитасына шамамен 2 300 спутнигін ұшырды. Желінің қызметін қолдану үшін станциядан бөлек терминал қажет.
Жалпы осыған дейін Starlink спутниктік интернеті біздің елдегі 1 800-ден астам мектепке орнатылды. Бұл интернет жылдамдығын үш есеге арттыруға мүмкіндік берген. Нәтижесінде білім ошақтарындағы интернет сапасы 19%-дан 90%-ға дейін артып отыр.
SpaceX компаниясы Starlink жаһандық спутник желісін 2019 жылы орбитаға шығарды.
Сурет Илон Масктің Х әлеуметтік желісіндегі парақшасынан алынды

