Қазақстанда рақымшылық заңына сәйкес 900-ден астам адам түрмеден босатылды. Олардың ішінде 101 әйел адам және 6 кәмелетке толмаған жасөспірім бар. Бұдан бөлек пробация қызметтерінің есебінде тұрған 1400-ден астам сотталушы жазаға кесілмейді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Sarapshy.info порталына хабарлады.
2025 жылдың 23 маусымында Қазақстанда Конституцияның 30 жылдығына орай амнистия жарияланды.
Соған сәйкес 15 мыңнан астам сотталушы тізімге енеді. Олардың шамамен екі мыңы бостандыққа шықса, қалғандарының жаза мерзімі қысқартылады.
Босатылған азаматтарға медициналық, заңгерлік көмек, жұмысқа орналасуға жәрдем беріледі және басқа да қолдау шаралары көрсетіліп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен жүргізіледі.
Кімдердің жазасы қысқартылады?
Амнистия ең алдымен дәрежесіне қарай жеңіл не орташа ауыр қылмыс жасаған, қоғамға қауіп төндірмейтін, әлеуметтік жағдайы ескерілген азаматтарға қатысты жүзеге асырылады. Олардың қатарында:
- баласы бар әйелдер;
- қарттар;
- кәмелетке толмағандар бар.
ІІМ дерегінше келесі санаттар бойынша амнистия қарастырылады:
- орташа ауыр қылмыс жасап, залал келтірмеген немесе келтірілген залалды толық өтегендерге;
- әлеуметтік осал топқа жататындар (келтірілген залалдың көлеміне қарамастан);
- тәртібі жақсы, жаза мерзімінің аяқталуына бір жылдан аз қалған азаматтарға.
ІІМ мәліметінше, амнистия тек әлеуметтік саясаттың бір бөлігі ретінде ғана емес, экономикалық тұрғыдан да тиімді. Бұл қадам сотталғандарды ұстауға кететін шығындарды азайтады.
«Үнемделген қаражат қылмыстық-атқару жүйесінің инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік береді», — дейді ведомство.
Атышулы істер
Степногорск қалалық соты Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты сотталған Бахытжан Байжановтың амнистия туралы өтінішін қанағаттандырды. Байжанов барлық процессуалдық шығындар мен міндетті төлемдерді өтегендіктен, оған тағайындалған жаза мерзімі үштен бір бөлікке қысқартылды. Ол 2026 жылдың 16 желтоқсаны бостандыққа шығады.
2025 жылдың 2 маусымы Астанада автобус жүргізушісі ақпараттық тақтаға соғылып, 18 жолаушы зардап шекті. Апат салдарынан 8 жасар қыз екі аяғынан айырылды, ал жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол ҚР ҚК 345-бабының 2-бөлігі бойынша, яғни жол қозғалысы ережесін бұзып, абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін айыпталған. Алайда сот оның амнистия туралы өтінішін қанағаттандырып, істі тоқтатты.
Жамбыл облыстық сотында 6 миллион теңге жымқырған сотталушы амнистия нәтижесінде босатылды. Тергеу дерегінше, ол Қордай ауылында банкке келген азаматтардың сеніміне кіріп, 6 миллион теңге көлемінде қаражат ұрлап, Қырғызстанға қашып кеткен. Ақша сотталушының жеке қажетіне жұмсалған. Ол өз кінәсін мойындап кешірім сұрады және шығынды өтеуге уәде берді.
фото: freepik.com

