Қазақстанда ресми дерек бойынша 2025 жылдың II тоқсанында жан басына шаққандағы ақшалай табыс 359 638 теңгеге жетіп, бір жылда 8,9%-ға артты. Алайда қымбатшылық үдеген кезде мұндай номиналды өсім халықтың көбірек тұтынуына емес, тек бұрынғы тауарлар мен қызметтер үшін көбірек төлеуіне әкеліп отыр.
Экономист Руслан Сұлтанов кейінгі жылдары халық табысы өсіп жатқандай көрінгенімен, бұл көрсеткіш шынайы өмір сапасына әсер етпей отырғаны туралы жазды.
«Табыс өсімімен бірге шығын да артты. Бір адамға шаққанда орташа шығын көлемі 311 192 теңгеге, тұтынуға кеткен қаражат 315 252 теңгеге жетті. Орта есеппен табыс көлемінің 98,7%-ы тауар мен қызмет сатып алуға жұмсалады. Ал жинаққа немесе инвестицияға айтарлықтай ештеңе қалмайды. Алматы, Маңғыстау және Шымкентте бұл көрсеткіш 100%-ға жетіп отыр. Аталған өңірлерде халық толығымен ай сайын төленетін жалақыға тәуелді», – дейді маман.
Оның сөзінше, табысты есептеуде халықтың әл-ауқаты емес, тек сандық өсім негізге алынады. Көпшілік үшін басты табыс көзі – жұмыс істеп нәпақа табу, оның үлесі – 75%. Ал соның 66,8%-ында – жалдамалы жұмыс күнкөріс көзіне айналды, 8,2%-ы – өзін-өзі жұмыспен қамтылған деп есептелінген. Бірақ бірқатар өңірде әлеуметтік төлемдерге тәуелділік жоғары.
Түркістан, Жамбыл, Абай және Ұлытау облыстарында әлеуметтік трансферттердің үлесі 20%-дан асады. Бұл өңірлерде табыстың едәуір бөлігі еңбекақы емес, мемлекет тарапынан төленетін жәрдемақы мен әлеуметтік көмек арқылы қалыптасып отыр. Мұндай модель тұрақсыз. Яғни трансферт қысқарса, табыс бірден құлдырайды.
Статистика не дейді?
Шығын есебі өмір сапасының айтарлықтай өзгермегенін көрсетеді. Азық-түлікке орта есеппен отбасылық бюджеттің 52,5%-ы жұмсалады:
- ең көбі – Түркістанда (62,7%) және Жамбылда (61,9%),
- ең азы – Алматыда (36,8%) және Астанада (38,5%).
Тауарларға шығын орта есеппен – 20,3%:
- ең жоғары – Алматыда (29,4%) және Астанада (27,8%),
- ең төмен – Түркістанда (11,3%) және Жамбылда (12,1%).
Қызметтерге шығын орта есеппен – 18,5%:
- ең жоғары – Алматыда (27,1%) және Астанада (25,3%),
- ең төмен – Түркістанда (7,8%) және Жамбылда (8,2%).
Руслан Сұлтановтың жазуынша, кей аймақтарда қарыз бен несиені өтеуге кететін шығын жоғары. Мысалы, Ұлытау облысында 12%-дан астам, ал Қарағандыда шамамен – 10%. Бұл борыш жүктемесінің ауыр екенін көрсетеді әрі пайыздық мөлшерлемелер өскенде немесе табыс азайғанда отбасылардың жағдайы күрт нашарлайды.
Инфляция халықты қажытады
«Мұның бәрі негізгі мәселені айқын көрсетеді: табыс өсіп жатқанымен, сатып алу қабілеті артпай отыр. Шынайы табыс (инфляцияны алып тастағанда) әлдеқайда баяу өсіп жатыр. Кей өңірлерде мүлде тоқырап қалған. Демек халық бұрынғыдай тауар мен қызметтің сол көлемін ғана тұтына алады, тек қымбатырақ бағамен. Бұл жағдай сандық өсімнің шегіне жеткенін көрсетеді. Егер басты мақсат табыс пен шығын көлемін арттыру болып қала берсе, ал олардың сапасы мен құрылымы өзгермесе ел инфляциялық тұйыққа түсіп қалады», – дейді Руслан Сұлтанов.
Экономист тығырықтан шығу үшін Қазақстан жаңа тәсілдерге көшу қажет дейді:
-
Инфляцияны төмендету қажет. Сонда жалақы өсімі баға өсіміне жұтылмайды
-
Халықтың өмір сапасын тікелей арттыратын білім, денсаулық сақтау және инфрақұрылым сапасын көтеру керек
-
Қаржылық сауаттылықты дамытып, халықтың тек «айлықтан айлыққа» өмір сүрмей, жинақ құруына мүмкіндік беру қажет
«Табыс өсімі маңызды, бірақ ол мақсат емес. Нағыз мақсат – халықтың әл-ауқатын арттыру. Ол үшін баға тұрақты және төмен болуы тиіс. Әйтпесе табыстың кез келген өсімі тек статистикада ғана көрініп, адамдардың өмірін жақсартпайды», – дейді Р. Сұлтанов.
Бұған дейін Батыс Қазақстан облысы тұрғындары ай сайынғы табысының 53,8%-ын азық-түлікке жұмсайтынын жазған едік. Табыстың қалған 20,8%-ы киім-кешек, техника және тұрмыстық химия секілді азық-түлікке жатпайтын тауарларға, 17,6%-ы ақылы қызметтерге кетеді. Қазақстанның өзге өңірлеріндегі жағдай БҚО-ға ұқсас. Мәселен, Жетісу және Ұлытау облыстарының тұрғындары айлық табысының шамамен 60%-ын азық-түлікке жояды.
Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы 2025 жылдың алғашқы үш айында жалақы өсімі өте төмен аймақтардың көшін бастады. Есепке сәйкес, өңірде жалақы индексі 5,2%-ға төмендеген. Бұл тұрғындардың сатып алу қабілетінің айтарлықтай әлсірегенін білдіреді.
Қазақстанда ең төменгі жалақыны көтеруді талап ететін петиция жарияланды. 2025 жылы елімізде ең төменгі жалақы мөлшерлемесі 85 000 теңге болып бекітілді. Бұл көрсеткіш 2024 жылдан бері өзгеріссіз қалды.
Фото: Pexels.com

