Елде әлеуметтік маңызы бар нысандарда Wi-Fi желісін іске қосу жобасы басталды. Бұл туралы «Freedom Telecom Operations» компаниясының басшысы Қайрат Ахметов хабарлады.
Жоба аясында интернетке қосылу нүктелері шекара бекеттерінде, әуежайларда, теміржол және автовокзалдарда, сондай-ақ мектептер мен медициналық ұйымдарда орнатылады.
«Біз құрып жатқан инфрақұрылым жасанды интеллект негізіндегі цифрлық сервистер мен шешімдердің дамуына мүмкіндік беретін платформаға айналады. Бұл Қазақстанның AI-экономика қалыптастыру бағытына әсер етеді», – деді Ахметов.
Бірінші кезеңде жоба 10 қаладағы 400 локацияны қамтиды. 2026 жылға қарай қолжетімді Wi-Fi нүктелерінің саны 10 мыңға, ал 2027 жылға дейін 20 мыңға дейін ұлғайтылады.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың 13 тамызынан бастап Қазақстанда Starlink компаниясы спутниктік интернет қызметтерін ұсына бастады.
фото: freepik.com

