Қазақстанда тұрғын үй алу — халықты алаңдататын маңызды әлеуметтік мәселелердің бірі. Әсіресе, әлеуметтік әлсіз топтар үшін баспанаға ие болу — ұзақ уақыт пен қағазбастылықты талап ететін күрделі үдеріс. Осы сараптамалық мақалада әлеуметтік баспананың кімдерге берілетіні, кезекке тұру тәртібі, елімізде қанша шаршы метр тұрғын үй салынып жатқаны, қанша адам тұрғын үй кезегінде тұрғаны, жылыжымайтын мүліктің қай өңірлерде қымбаттағаны және мемлекеттік бағдарламалар туралы айтамыз.
Sarapshy.info тілшісі әлеуметтік тұрғын үй саясатын жүзеге асыратын негізгі оператор — «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның Алматыдағы бас штабына сауал жолдап, жауаптарды талдады.
Әлеуметтік баспана кімдерге беріледі?
Жаңа тетікке сәйкес есепке қою және мемлекеттік қолдау шаралары мемлекеттік дерекқорлармен интеграциялау арқылы автоматтандырылған режимде (онлайн) жүргізіледі. Азаматтардың табыс деңгейі мен мерзімі ескеріледі.
Бұл ретте мемлекеттік тұрғын үйді бөлу 70/30 қағидатына сай жүргізіледі, пәтерлердің кемінде 70%-ы сегіз санат арасында бөлінеді:
- Ұлы Отан соғысының ардагерлері
- ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер
- басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс іс-қимылдарының ардагерлері
- жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар
- «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналар, көп балалы отбасылар
- I және II топтағы мүгедектігі бар тұлғалар
- мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасы
- жесір әйелдер мен тұл ерлер
ал 30%-ы – қалған азаматтар үшін.
Қандай бағдарламалар бар?
«Отбасы банк» АҚ – тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын қаржы институты. ТҚЖ жүйесінің ерекшелігі – салымшылардың белгілі бір мерзім мен сомаға жинақ жасап, бағалау көрсеткішіне қол жеткізген жағдайда жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемелер бойынша тұрғын үй заемдарын алу мүмкіндігі.
Тұрғын үй заемдарының мөлшерлемелері жылдық 3,5%-дан (ЖТСМ – 3,6%-дан) 5%-ға дейін (ЖТСМ – 5,1%-ға дейін) құрайды және өзге екінші деңгейлі банктердің ұсыныстарымен салыстырғанда әлдеқайда жеңіл болып есептелінеді.
Сонымен қатар қосымша мынадай кредиттік бағдарламалар жүзеге асырылады:
1) 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында жылдық 2%-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесі бойынша аралық/алдын ала тұрғын үй заемдарын беру.
Бағдарлама жергілікті атқарушы органдарда (ЖАО) кезекте тұрған азаматтарын кредиттеуге арналған (ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 67-бабы 1-тармағының 1-1), 1-2) тармақшаларында және 68-бабының 2), 3) тармақшаларында айқындалған санаттағы адамдар үшін). Кейінгі алты ай ішінде еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен табыс табатындар бастапқы нарықтан (пайдалануға берілген әлеуметтік кредиттік тұрғын үйден) баспана сатып алуға қатыса алады.
Заем бойынша сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2% (ЖТСМ 2%-дан бастап);
Заем мерзімі – 6 айдан 18 жылға дейін қоса алғанда / 6 айдан 20 жылға дейін қоса алғанда;
Заемның ең жоғары сомасы – 15 000 000 теңгеге дейін.
2) 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында жылдық 5%-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесі бойынша аралық/алдын ала тұрғын үй заемдарын беру.
Бағдарлама бойынша ЖАО-да кезекте тұрған азаматтарды бастапқы нарықтан тұрғын үй сатып алу үшін кредит беріледі және 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық дамудың мемлекеттік бағдарламасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Сонымен қатар бағдарлама ЖАО бойынша кезекте тұрған азаматтарды (Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңы 67-бабының 1-тармағында айқындалған, бірақ 68-бабының 4) тармақшасында көрсетілген тұлғаларды қоспағанда) кредиттеуді көздейді. Кейінгі алты ай ішінде еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен табыс табатындар бастапқы нарықтан (пайдалануға берілген әлеуметтік кредиттік тұрғын үйден) баспана сатып ала алады.
Заем бойынша сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 5% (ЖТСМ 5,2%-дан бастап).
Заем мерзімі – 6 айдан 20 жылға дейін қоса алғанда.
3) «Жас отбасы» жас отбасыларға арналған кредиттеу бағдарламасы.
«Жас отбасы» кредиттеу бағдарламасының шарттарын пайдалану үшін салымшы некені тіркеген күннен бастап 5 (бес) жыл ішінде ТҚЖ шартын жасасуы қажет. «Жас отбасы» мәртебесі бар ТҚЖ шартын екі жұбайдың да атына рәсімдеуге болады. «Жеңіл» кредиттеу бағдарламасы аясында аралық заем алу үшін клиент ТҚЖ шартын жасасқан күннен бастап кемінде 1 жыл өткен соң ғана кредиттік өтінім бере алады. Өтінім берген кезде БК кемінде 5 болуы тиіс.
Бастапқы жарна – тұрғын үй құнының 50%-ы;
Заем бойынша сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 6 % (ЖТСМ 6,5%-дан бастап) (БК 5 болған жағдайда), кейін жылдық 5%-ға дейін төмендейді (ЖТСМ 5,1%-дан бастап);
Заем мерзімі – 6 жылдан 9 жылға дейін;
Заемның ең жоғары сомасы – 100 000 000 теңгеге дейін.
4) «Наурыз» бағдарламасы.
Заемдар тұрғын үй сатып алу, сондай-ақ бір банктік заем шарты аясында бастапқы тұрғын үйді сатып алу және оны жөндеу мақсатында беріледі. Алматы, Астана, Шымкент қалаларында тек бастапқы тұрғын үйді сатып алуға рұқсат етіледі, ал басқа өңірлерде бастапқы да, қайталама да тұрғын үй сатып алуға болады.
Бастапқы жарна – шарттық соманың кемінде 20%-ы, ал таза әрлеудегі тұрғын үйді сатып алған жағдайда бастапқы жарна шарттық соманың кемінде 10%-ын құрайды.
Сыйақы мөлшерлемесі:
- Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін – жылдық 7% (ЖТСМ 7,3%-дан бастап);
- ҚР өзге азаматтары үшін – жылдық 9% (ЖТСМ 9,3%-дан бастап).
Заем мерзімі: 6 айдан 8 жылға дейін.
Бұдан бөлек банкте мынадай бағдарламалар жүзеге асырылады: әлеуметтік саясат аясында ЖАО тарапынан тұрғын үй сатып алу үшін жылдық 5% сыйақы мөлшерлемесімен (ЖТСМ 5,2%-дан бастап) аралық/алдын ала тұрғын үй заемдары беріледі, сондай-ақ Корпоративтік өнім аясында жұмыс берушілер өз қызметкерлерін кредиттеу үшін жылдық 5%-дан бастап (ЖТСМ 5,2%-дан бастап) сыйақы мөлшерлемесімен аралық/алдын ала тұрғын үй заемдарын ұсыну жолымен қаражат бөледі.
Қазақстанда қанша адам үй кезегінде тұр?
2025 жылдың тамыз айында Қазақстанда тұрғын үй кезегінде тұрғандар саны 942 050 адамға жеткен. Бұл – елдегі тұрғын үй тапшылығының әлі де өзекті мәселе екенін көрсетеді.
Өңірлер бойынша ең көп кезек Түркістан облысында:
- Түркістан облысы – 103 768 адам.
- Шымкент қаласы – 86 175 адам.
- Алматы қаласы – 76 363 адам.
- Астана қаласы – 67 590 адам.
Ал, Батыс Қазақстан облысы – 39 896 адам тіркеліп, тұрғын үйге мұқтаждар кезегіндегі жиырма өңірдің ішінде 12-орында тұр.
Кестеге назар салайық:
| 1. | ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ | 103 768 |
| 2. | ШЫМКЕНТ | 86 175 |
| 3. | АЛМАТЫ | 76 363 |
| 4. | АСТАНА | 67 590 |
| 5. | АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ | 63 721 |
| 6. | ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ | 56 949 |
| 7. | ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ | 54 333 |
| 8. | АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ | 52 600 |
| 9. | АТЫРАУ ОБЛЫСЫ | 42 902 |
| 10. | ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ | 40 996 |
| 11. | ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ | 40 766 |
| 12. | БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ | 39 896 |
| 13. | МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ | 34 456 |
| 14. | ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ | 33 296 |
| 15. | ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ | 32 898 |
| 16. | АҚМОЛА ОБЛЫСЫ | 29 962 |
| 17. | АБАЙ ОБЛЫСЫ | 27 858 |
| 18. | ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ | 25 548 |
| 19. | СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ | 24 191 |
| 20. | ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫ | 7 782 |
| БАРЛЫҒЫ | 942 050 |
254 227 шарты метр үй пайдалануға берілді
Мемлекет үй құрылысын қарқынды түрде жүргізіп жатыр. Дегенмен халық санының артуы, урбанизация және азаматтардың әлеуметтік жағдайы бұл мәселені жылдам шешуге мүмкіндік бермей отыр.
Қазақстанда 2024 жылы тұрғын үйдің пайдалануға берілуі — ел тәуелсіздік алғаннан бергі ең жоғары көрсеткіш болып табылады.
Ал 2024 жылдың 1 тамызына дейін – 556 733 шаршы метр тұрғын үй салынса, сәйкесінше, 2025 жылдың 1 тамызына дейін – 254 227 шаршы метр тұрғын үй салынған.
2026 жылы жалғасатын ипотекалар
2026 жылы да табыс деңгейіне қарай тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған адамдарға жалдау ақысын субсидиялау, ЖАО-ның жалдамалы тұрғын үйін немесе жеңілдік ұсынылатын ипотекалық қарыздар («2-10-20», «5-10-20», «Наурыз») беру қарастырылады.
Мемлекеттік қолдау шараларын тек бір рет пайдалануға болады. Яғни бұрын мемлекет есебінен салынған жалға берілетін және кредиттік тұрғын үйді алған азаматтар қайтадан есепке тұра алмайды.
Бірінші кезекте тұрғын үйге мұқтаж ретінде orken.otbasybank.kz сайтында тұрғын үй кезегіне тіркелу керек.
Ал, екінші кезекте https://otbasybank.kz/ «Отбасы банк» сайттарында конкурстың басталғаны туралы хабарландыруларды жиі қадағалап отыру керек.
Елімізде тұрғын үйге мұқтаж азаматтар саны жылдан жылға артып келеді. Бұл – ел үкіметінің тұрғын үй саясаты мен әлеуметтік бағдарламаларды одан әрі жетілдіру қажеттігін көрсетеді.
Қай өңірлерде үй қымбат?
Krisha.kz сайтының сараптамалық мәліметтеріне сүйенсек, биылғы шілде айында Қазақстанда екінші нарықтағы пәтер біршама қымбаттаған. Маусыммен салыстырғанда орташа баға 0,9%-ға өскен. Дегенмен әр қаладағы жағдай әртүрлі екен.
Еліміздегі бағаның ең көп төмендеуі Ақтау (3,6 %),Павлодар (1,3%), Алматы (1,2 %) қалаларында тіркелген.
Ал, Атырау (+1,4 %), Орал (+1,2 %), Қарағанды (+1,1 %), Астана, Ақтөбе және Қызылорда (+1 %) қалаларында пәтер бағалары сәл өскен.
Қаңтардан бастап пәтер бағасы орта есеппен 3,6 %-ға өскен. Бағаның ең көп өсуі Қостанайда (+7,6 %), Атырау мен Оралда (5,2 %-ға дейін) тіркелген.
Ең төмен өсім — Түркістан мен Көкшетауда, 1 %-дың шамасында.
2024 жылғы шілдеден бері орташа баға 7 %-ға өскен. Көш басында Астана (+12 %) тұр. Шымкент, Орал, Өскемен (+9 %), Алматы (+6,2 %). Ең төмен өсім — Түркістанда (+4 %).
Үйдің бағасы неге шарықтап кетті?
Кейінгі жылдары Қазақстанда тұрғын үй бағасы бірқалыпты емес, тұрақты түрде өсіп келеді. Бұл жағдай халықтың әлеуметтік жағдайына, ипотекалық несиеге қолжетімділікке және урбанизация процесіне айтарлықтай әсер етуде.
Қымбаттаудың басты себептері:
-
Құрылыс материалдарының қымбаттауы
Импортқа тәуелді құрылыс заттарының бағасы жаһандық нарықтағы өзгерістерге байланысты өсуде. Арматура, цемент, әрлеу материалдары мен логистика шығындарының көбеюі құрылыс құнын арттырды.
-
Инфляция және ұлттық валюта бағамы
Жалпы экономикалық инфляция тұрғын үй бағасының көтерілуіне тікелей ықпал етеді. Сонымен қатар, теңгенің әлсіреуі шетелден келетін материалдарды қымбаттатады.
-
Сұраныстың артуы
Астана, Алматы, Шымкент сияқты мегаполистерде урбанизация процесі қарқынды жүріп жатыр. Ауылдан қалаға ағылған халық саны артқан сайын, баспанаға деген сұраныс та өсіп келеді.
-
Жылжымайтын мүлікті инвестиция ретінде қарау
Көптеген азаматтар мен инвесторлар тұрғын үйді жай өмір сүру үшін емес, қайта сату, жалға беру арқылы пайда табу көзі ретінде пайдаланады. Бұл да нарықтағы бағаны көтереді.
-
Геосаяси факторлар
2022 жылдан бері Ресейден келген көші-қон ағыны еліміздің кей қалаларында, әсіресе Астанада жалға беру мен сату нарығына қысым түсіріп, бағаның күрт өсуіне алып келді.
Еліміздегі тұрғын үй бағасының өсуі кешенді мәселе болып тұр. Бұл тек құрылыс саласына ғана емес, бүкіл экономика мен халықтың, әрбір тұрғынының әл-ауқатына әсер ететін фактор. Мұндай жағдайда тиімді мемлекеттік бақылау мен қолжетімді баспана бағдарламаларын жүйелі түрде жетілдіру маңызды болып табылады.
фото: ЖИ-генератор
Әділғазы Кереев

