ҚР Сауда және интеграция министрлігі міндетті таңбалауға жататын жаңа төрт тауарды атады. Оның ішінде мотор майы, сыра өнімі және киік мүйізі бар.
1 желтоқсаннан бастап киік дериваттарын таңбалау күшіне енеді. Министрлік Data Matrix кодымен таңбалау киік мүйізінің заңсыз айналымын әшкерейлетінін хабарлады.
«Цифрлық таңбалау дегеніміз әрбір өнім бірлігіне Data Matrix бірегей кодын енгізу процесі. Бұл код тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесінде тіркеліп, өнімнің өндірілген немесе импортталған сәтінен бастап тұтынушыға жеткенге дейінгі қозғалысын толық бақылауға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді Сауда министрлігі.
Бұған дейін Абу-Дабиде өткен жиында Экология және табиғи ресурстар министрі Е.Нысанбаев әр киік мүйізіне QR-код қоюды жоспарлап отырғандарын хабарлады. Министр бұл тәсіл заңсыз сатылымнан қорғайды деп есептейді.
Қазақстан кейінгі жылдары киік мүйіздерін Қытайға импортқа шығаруға дайындалуда. Бұл үшін СІТЕЅ ұйымының рұқсаты керек. Тауар әзірше «Охотзоопром» қоймаларында жиналып жатқаны белгілі. Бірақ қорда қанша киік мүйізі бар екені туралы ресми мәлімет жоқ.
Кейінгі екі жылда броконьерлерден 17 мың киік мүйізі тәркіленді.
фото: instagram/police_almobl

