2025 жылдың шілдесінде ауыл шаруашылығы министрі киік етін сатуға рұқсат беріп, еттің бір келісін 1600 теңгеге бағалады.
Әуеден жүргізілген санақ бойынша БҚО-да киіктер саны 2,5 миллион басқа жеткен. Жергілікті дихандар киік популяциясы шаруашылықтарына кедергі келтіретінін айтып дабыл қақты. Нәтижесінде Ауыл шаруашылығы министрлігі 840 мың бас киікті атып, етін тұтынуға жіберетін болды.
Сауда және интеграция министрлігі киік еті бөлшек саудада сатылмайтынын мәлімдеді. Аңшылар етті арнайы цехтарға жіберуі тиіс. Қазір елімізде киік етін өңдеумен айналысатын 7 кәсіпорын бар.
Бір киік 35 келіге дейін ет береді. Етті сойғаннан кейін бірден салқындатып, ішкі мүшелерін алып, жақсылап жуып, құрғату керек. Қысқа мерзімге сақтау үшін 0°С-тан +4°С-қа дейінгі температурада, ал ұзақ мерзімге –18°С-та мұздатып, 8–10 айға дейін сақтауға болады.
БҚО-да «Каиров», «Амангелді» және «Жинис» ЖК-лары және «Кублей» ЖШС-і етімен айналысуда. Орал қаласының өзінде киік етінің бағасы келісі 1500-1600 теңге аралығында. Өңірде киік еті Жаңақала, Бәйтерек және Жалпақтал аудандарында сатылады. Орал қаласындағы «Кублей» зауыты киік етін сатып алып, өңделген консерві дайындайды. Кейбір кәсіпкерлер етті Ақтөбе мен Ақтауға тасымалдайды.
Киік етінің бағасы нарықтағы өзге ет құнынан арзан.

Көршілес Ақтөбе қаласында киіктің бір келісі 1800 теңге тұрады. Тұрғындардың айтуынша, ет «Алтай» сауда орталығында сатылып жатыр. Дәл осы жерде киіктің тұтас етін 30-35 мың теңгеге табуға болады. Қазір Ақтөбеге киік етін «Жинис» зауыты тасымалдайды.
Атыраудағы баға 1500 теңгеден басталып 1700 теңгеге жетеді. БҚО киіктері кейде Атырау облысындағы Исатай және Құрманғазы аудандарында жайылады. Бұл жергілікті агрокәсіпкелерді өз егіншіліктері үшін алаңдатып отыр.
Ақтау қаласында киік етін 1600 теңгеден бастап сатып алуға болады. Маңғышлақ, Жаңаөзен және Бейнеу қалаларында киік жергілікті жәрмеңкелерде сатылады.
Ақмола облысында да киік етіне сұраныс жоғары. Астанадан 70 шақырым жерде орналасқан Сабынды ауылында еттің бір келісін 1600 теңгеге таба аласыз.
2023 жылы елімізде Бетпақдала киіктерінің санын реттеу жұмыстары жүргізілді. Қостанай облысындағы Арқалық қаласында киік етін «Торғай-Ет» ЖШС-і қабылдап, консерві жасауды бастады. Оның құны 1000 теңгеге бағаланды.
фото: Sarapshy.info

