2025 жылдың 30 шілдесіне дейін Қазақстанда адам папилломасы вирусына қарсы екпені 240 мыңға жуық қыз бала алды. Вакцинацияның бірінші кезеңі аясында алғашқы дозаны 140 мыңнан астам қыз салдыртса, 90 мыңға жуық жасөспірімге екінші доза егілді.
Адам паппилома вирусы (АПВ) – қатерлі ісікке әкелуі мүмкін 200-ге жуық түрді қамтитын вирус тобы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, 2022 жылы онкологиялық аурулардан қайтыс болған әйелдердің 93%-ына жатыр мойны обыры диагнозы қойылған. Қазіргі кезде әлемнің 135 елінде адам папиллома вирусына қарсы вакцина міндетті саналады.
«Қазақстанда жылына 1900-ден астам АПВ диагнозы тіркеліп, 600-ден астам әйел көз жұмады. Соңғы 20 жылда елімізде жатыр мойны обырымен сырқаттанғандар саны 26%-ға артты», — деп хабарлады қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы.
2024 жылдың 17 қыркүйегінде Денсаулық сақтау министрі адам паппилома вирусына қарсы вакцина жүргізу туралы қаулыға қол қойды. Қазір 11 жастағы қыздар вирусқа қарсы профилактикалық егу, ал 12-14 жас аралығындағы қыз балалар толық вакцинациялаудан өте алады.
2025 жылдың 28 шілдесінде «E-petition» порталында АПВ вакцинациясының жас шегін 45 жасқа дейін көтеру ұсынылды. Петиция авторы – For.her.project ұйымы. Олардың жазуынша, 40-45 жастағы әйелдер үшін адам паппилома вирусы аса қауіп тудырады.
«Вакцина туралы білмеген не алуға мүмкіндігі болмаған әйелдер ұмыт қалып жатыр. Жылына АПВ мыңдаған адамның өмірін алып кетеді, ал дер кезінде салынған вакцина бұған тосқауыл болар еді», — дейді For.her.project Instagram парақшасында.
«Жатыр мойны қатерлі ісігін емдеу мемлекет бюджетіне үлкен салмақ түсіреді. Бір науқасты емдеуге жұмсалатын орташа шығын 4,5-8 миллион теңге және одан да жоғары. Бұған диагностика, ота, химиотерапия және радиотерапия кіреді. Ауру кеш анықталса, шығын бірнеше есе артады. Ал АПВ-ға қарсы екпенің толық курсы бар-жоғы 300 000 теңге тұрады. Яғни, алдын алу шарасы емдеуге қарағанда ондаған есе арзан әрі тиімді», — делінген петицияда.
Денсаулық сақтау министрлігіне жолданған құжатта мемлекет есебінен немесе ішінара субсидиялау арқылы әлеуметтік осал топтарға вакцинасалу, ұлттық ақпараттық-ағарту науқандарын ұйымдастыру, сондай-ақ өңірлерде пилоттық жобаларды іске қосу ұсынылған.
Қазір петиция 241 дауыс жинады, оның қабылдануы үшін 50 мың адамнан қолдау жинау керек. Петиция мазмұнымен 2026 жылдың 28 қаңтарына дейін танысып шығуға болады.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс эпидемиологы Бақтыбай Ажгереевтың айтуынша, бұл вирустың 200-ден астам түрі болғандықтан, өңірде нақты қанша әйел адам АПВ-ға шалдыққанын анықтау қиын.
«2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап БҚО-да 11 жастағы қыз балалардың 2841-і және 12-13 жастағы қыздардың 2385-і вакцина алды.
АПВ-ға қарсы вакцина үкімет қаулысымен бекітілген «Онкологиялық қызметті жетілдіру» жол картасының аясында жүзеге асады. Жатыр мойны обасының 70%-ын адам паппилома вирусының 16-түрі тудырады, ал вакцина алғаннан кейін әйелдің организмінде 16-типтегі вирус жойылады, демек жатыр мойны обырына ұшыраудың алдын алуға болады.
Қыз балалар вакцинаны мектептің медициналық кабинетінде немесе емханадағы екпе кабинеттерінде ала алады. Бекітілген жоспар бойынша, жыл сайын БҚО-да 5500 оқушы қыз вакцинаның бірінші бөлігін алуы керек», — деді маман.
Астана қаласындағы IVI.clinic емханасының акушер-гинеколог дәрігері Арай Хамзина адам паппилома вирусының алдын алу қаншалықты маңызды екенін жеткізді.
«Акушер-гинеколог ретінде мен әрбір қабылдауда адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау мәселесін көтеремін. Өкінішке қарай, қазір профилактиканың жоқтығының салдарын күнде көріп жүрміз. Бұған дисплазиядан жатыр мойнының обырына дейінгі диагноздар куә.
АПВ — сирек кездесетін кесел емес, оның симптомдары кейде байқала бермейді.
Вакцинациялаудың жас шегін 45 жасқа дейін кеңейту — дұрыс және уақтылы шешім деп ойлаймын. Әйел ағзасында АПВ пайда болса да, вакцинация вирустың жоғары онкологиялық түрлерінен қорғай алады», — дейді дәрігер.
фото: freepik.com

