Қазақстанда дрондардың ұшуы мен тіркелуін реттейтін Бірыңғай басқару, бақылау және келісу орталығы құрылады. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарына берген жауабында хабарлады.
Еске салсақ, Мәжіліс депутаттары бұған дейін дрондарды бейберекет қолдану қауіпті екенін, бақылау жүйесін күшейту қажеттігін айтқан еді. Олар ұшқышсыз аппараттарға арналған Remote ID жүйесін енгізіп, өндірушілерді лицензиялау, дрондарға “қара жәшік” орнату және көпшілік жиналатын шараларда заңсыз қолданғандар үшін жауапкершілікті күшейтуді ұсынды.
2025 жылдың ақпан-наурыз айларында БҚО-да 8 белгісіз дрон құлады. Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Камалетдиновтың айтуынша, Батыс Қазақстан облысының аумағында анықталған ұшқышсыз ұшатын аппараттардың 90%-дан астамы Ресей Федерациясының 926-шы Бас ұшу-сынақ орталығының полигонына тиесілі.
Жуырда Үкімет 2025-2031 жылдарға арналған азаматтық ұшқышсыз авиацияны дамыту тұжырымдамасын бекітті. Құжат аясында дрондарды экономика салаларында кеңінен қолдану, кадр дайындау, отандық өндірісті қолдау, қауіпсіздікке төнетін қатерлерді азайту және заңбұзушылық үшін жауапкершілікті күшейту шаралары қарастырылған.
Сонымен қатар Өнеркәсіп және Қорғаныс министрліктерінің бірлескен бұйрығымен қабылданған бағдарлама шеңберінде 2026 жылдың I тоқсанында дрондардың ұшу мәліметтерін жинауға арналған бірыңғай орталықты құру жоспары әзірленеді.
фото: freepik.com

