Қазақстанның мемлекеттік шекарасы бойында орналасқан ауыл-аудандардағы жағдай жылдан жылға күрделеніп келеді. Бұл аймақтарда инфрақұрылым тозып, мектептер жабылып жатқанын бірі білсе бірі білмес. Шалғай ауылдарда медициналық қызметке қол жеткізудің өзі қиын, осы себептен де қазір елде стратегиялық маңызы жоғары аймақтар босап қалып жатыр.
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев осы мәселелерді ашық көтеріп, Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа депутаттық сауал жолдап, бірнеше министрлік құжаттарын қайта қарауды сұрады.
Қазақстанның 14 облысы бес мемлекетпен шектеседі. Шекара бойында орналасқан 67 ауданда3,4 миллионнан астам азамат өмір сүріп жатыр. Депутаттың сөзінше, дәл осы аймақтар облыс орталықтарынан келетін мүмкіндіктерден шет қалып, ұзақ жылдар бойы қордаланған мәселелерді өз күшімен шешуге мәжбүр болып отыр. Ол шекаралық аудандардың әлеуметтік-экономикалық жағдайының әлсіреуі тек халықтың тұрмыс сапасына емес, елдің ұлттық қауіпсіздігіне де тікелей әсер ететінін атап өтті.
“21 ғасырда Саманнан салынған мектептер бар екенін елестету қиын”
Шекаралық аймақта 1405 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Олардың қатарында 710 балабақша, 658 мектеп және 37 колледж бар. Бұл мекемелерде барлығы 239 мыңнан астам бала білім алады.
Алайда білім нысандарының жағдайы көңіл көншітпейді.
«90-ға жуық мектептің материалдық-техникалық базасы әбден ескірген, кейбірінде жазуға қажетті қарапайым құралдар да жетіспейді. Одан бөлек, 40-қа жуық мектепте асхана да, спорт алаңы да, кітапхана да жоқ», − деді депутат.
Шекарадағы кейбір мектептердің құрылыс сапасы сын көтермейді. Ел аумағында саманнан, қамыстан, ағаштан салынған мектептер бар. Олардың ешқайсысына іргетас құйылмаған. Бірқатар мектептерде орталықтандырылған су және кәріз жүйесі мүлде орнатылмаған. Аталмыш жағдайда балалардың сапалы білім алуы мүмкін емес.
«Соңғы жылдары оқушы саны азайғандықтан, шекарадағы онға жуық мектеп жабылды. Мектеп жабылған ауылдан ата-аналар да басқа жаққа көше бастайтыны белгілі, ал халқы көшкен ауылдың болашағы бұлыңғыр. Бұл үрдіс еліміз үшін үлкен қатер төндіріп отыр. Себебі соңғы бес жылда Қазақстан бойынша 194 ауыл жабылып қалған», − деді Нартай Аралбайұлы.
Сондықтан депутат №185 бұйрықтағы білім беру ұйымдарына қатысты нормативтерге «ерекше жағдай» деген тіркесті енгізу керек екенін айтты. Сонымен қатар депутат Үкіметтің бұл мәселеге қатысты жұмысты жеделдетуін және шекара маңындағы білім нысандарын дереу жөндеуден өткізуді талап етті.

«Ауырған адам орталыққа жете алмай көз жұматын жағдайлар бар»
Шекаралық аймақтардағы денсаулық сақтау сапасы да бармақ тістерлік күйде. Қолданыстағы №59 бұйрықта медициналық нысан салу үшін ауылда белгілі бір халық саны болуы керек деп көрсетілген. Соның салдарынан кей ауылдарда аурухана тұрмақ, қарапайым амбулатория да жоқ.
Тұрғындар сырқаттанған жағдайда аудан орталығына немесе қалаға баруға мәжбүр. Жолдың алыстығы мен қатынаудың қиындығынан ауруханаға жетпей көз жұмған жағдайлар да кездесетінін депутат ашық айтты.
Осыған байланысты №59 бұйрықты өзгертіп, округ орталықтарында дәрігерлік амбулатория немесе фельдшерлік-акушерлік пункттердің салынуын, ал ауылдарда халық санына қарамастан міндетті түрде медпункт орнату ұсынылды.
“5 миллион теңге өтемақымен кәсіпкер ауылға үй салмайды”: тұрғын үй мәселесі
Шекаралық аймақта халық санын ұстап қалудың негізгі жолдарының бірі – тұрғын үй санынкөбейту. Қазір кәсіпкерлер ауылдық жерлерде үй салып, шығындарының бір бөлігін мемлекеттің көмегімен өтей алады. Бірақ қолданыстағы №289 бұйрық бойынша кәсіпкерге берілетін өтемақының көлемі 5 миллион теңгеден аспайды.
Депутат бұл соманың тым төмен екенін, мұндай ақшамен ауылға үй тұрғызуға ешбір кәсіпкердің қызықпайтынын айтты. Сондықтан ол шекаралық аймақтарда салынатын үйлердің шығынының 50%-на дейін өтеп беру жүйесін енгізуді, осыған орай №289 бұйрықты өзгертуді ұсынды.
Айта кетейік, БҚО-дағы Аққұс, Үшкемпір, Қадырқұл, Өркен, Богатск және Забродино ауылдарында газдандыру жұмыстары әлі күнге дейін аяқталмаған. Газ құбырларын орнату туралы жоба дайын болғанымен, оның жүзеге асуы қаржыландыруға байланысты шегерілді.
“Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы
2019 жылы елде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы жұмысын бастады. Бастапқыда бұл жолдарды жөндеу, денсаулық сақтау, білім беру және жұмыс орындарын құруға бағытталған жоба еді.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша қаражат өңір халқының санына байланысты бөлінеді. Бірақ бұл тәсіл ауыл саны көп облыстар үшін тиімсіз болып отыр. Атап өтсек, Батыс Қазақстан облысында 405 ауыл бар, оның 145-і шекара бойында орналасқан. Бұл ауылдардағы халық саны бірдей болғанымен, бір облыстағы төрт ауыл мен басқа облыстың жиырма ауылға да бірдей қаражат бөлу әділетсіздікке алып келеді.
«Бұл бағдарламаның қаржыландыру моделін қайта қарап, қаражатты елді мекендердің саны мен шекаралық мәртебесін ескере отырып бөлу керек» − деді Нартай Аралбайұлы.
Шекаралық ауылдардың тағдыры − тек әлеуметтік мәселе ғана емес, елдің ұлттық қауіпсіздігіне, демографиялық тұрақтылығына және экономикалық даму перспективасына тікелей әсер ететін маңызды фактор.

