Қазақстандағы тұрғын үй құрылысының статистикасына сәйкес, 2024 жылдың қаңтар-қараша айларында пайдалануға берілген тұрғын ғимараттардың жалпы алаңы 16,3 млн шаршы метрді құраған. Құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 6,85 трлн теңгеге жетіп, құрылыс көлемінің индексі 110,3%-ды құрады. Бұл деректер тұрғын үй құрылысы қарқынының тұрақты өсіп жатқанын көрсетеді.
Ресми мәліметке назар аударсақ, 2024 жылдың қаңтар-қараша айларында тұрғын үйлерді пайдалануға беру бойынша өңірлер ішінде Астана ондаған жыл өз орнын ешкімге бермей келе жатыр. Екінші болып әдеттегідей Алматы қаласы және Түркістан облысы қараша айында 1 миллион шаршы метр нысан өткізіп, төртінші орынға көтерілді.
Еліміздгі әрбір төртінші пәтер Астана мен Алматы қалаларында берілуде
2024 жылдың қаңтар-қараша айларында Қазақстанда тұрғын үй құрылысы қарқынды түрде дамып, жалпы 145 929 пәтер пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,6%-ға өсті
Қазақстанның тұрғын үй құрылысы саласы тұрақты түрде дамып келеді. Әсіресе, Алматы және Абай облыстарында құрылыс қарқынының айтарлықтай өсуі байқалады. Бұл аймақтардағы урбанизация үрдісі және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары өз жемісін беруде. Сонымен қатар, Атырау және Ақмола облыстарында өсім қарқыны салыстырмалы түрде төмен болғанымен, тұрғын үй құрылысы әлі де жоғары деңгейде.
Алматы мен Астана қалаларының үлесі айтарлықтай жоғары. Мәселен, Астана қаласы жалпыреспубликалық көлемде 22,4%, Алматы қаласы 14,1% үлесті алып жатыр. Ал Шымкент қаласының үлесі – 6,9%. Еліміздегі үш республикалық маңызы бар қалалардың республикадағы жалпы үлесі 45,4% жетті.
Жалпы, тұрғын үй құрылысының қарқынды дамуы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және өңірлердің экономикалық әлеуетін нығайтуға үлкен үлес қосуда.
Мәмілелер саны: екі бөлмелі пәтерлер саудасы қызып тұр
2024 жылғы қараша айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 39 421 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша 8 165 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 31 256 мәміле жасалды. 2024 жылдың қазанымен салыстырғанда (39 143) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 0,7%-ға өсті. Мәмілелер саны бойынша Алматы (7 533 – 19,1%) және Астана (6 968 – 17,7%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (2 995 – 7,6%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 491 мәміле (1,2%).
2024 жылдың қазанымен салыстырғанда қарашада ең көп өсім Павлодар (+18,5%), Түркістан (+15,9%) және Алматы (+15,2%) облыстарында тіркелді. Ал бір айдағы ең үлкен төмендеу Абай (-20,0%), Қызылорда (-16,1%) және Шығыс Қазақстан (-12,5%) облыстарында болды.
Инвестиция
2024 жылдың қаңтар-қараша айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар 15,758 млрд теңгені құрап, 2023 жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 108,1%-ды құрады. Тұрғын үй құрылысына салынған инвестициялардың үлесі ЖІӨ-нің шамамен 13,9%-ын құрайды.
Үй бағасы
Бір жылда (2024 жылғы қараша 2023 жылғы қарашаға) жаңа тұрғын үйлердің және қолданыстағы пәтерлердің бағасы 3,4%-дан өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда 2024 жылғы қарашада 7% жоғарылады.
Өңірлер бөлінісінде жаңа салынған үйлер нарығында жылдық мәнде баға Ақтөбе қаласында – 11%, Көкшетау қаласында – 10,1%, Тараз қаласында 10% едәуір қымбаттады. Қолданыстағы үйлер нарығында баға өсімінің лидері – Атырау (16,7%), Астана, Көкшетау қалалары (9,8%-дан), тұрғын үйді жалға алу нарығында – Орал (24,2%), Шымкент (24,1%), Талдықорған (20,8%) және Петропавл қалалары (20,5%).
Тұрғын үй бағасы бірнеше факторға байланысты өзгеруі мүмкін. Олардың арасында:
Экономикалық жағдай: Елдің жалпы экономикалық жағдайы мен инфляция деңгейі тұрғын үй бағасына әсер етеді. Экономика өскен кезде сұраныс артады, бұл бағаның көтерілуіне әкеледі. Керісінше, экономикалық дағдарыс кезінде сұраныс төмендейді, нәтижесінде бағалар төмендеуі мүмкін.
Құрылыс материалдары мен жұмыс күші құны: Құрылыс материалдарының бағасы мен жұмыс күшінің бағасы да тұрғын үй құнын қалыптастыратын маңызды факторлар болып табылады. Құрылысқа қажет көптеген материал қымбаттауда.
Несие мөлшерлемелері: Несие мөлшерлемелерінің өзгеруі тұрғын үй нарығына әсер етеді. Мысалы, пайыздық мөлшерлемелер жоғарылаған кезде ипотека арқылы үй сатып алу қиынға түседі, бұл сұраныстың төмендеуіне әкеліп, бағаның тұрақтануына немесе төмендеуіне себеп болуы мүмкін.
Тұрғын үйдің орналасқан орны: Үйдің орналасқан жері де маңызды фактор болып табылады. Қала орталығына жақын орналасқан тұрғын үйлер қымбат болады, ал шет аймақтардағы үйлер салыстырмалы түрде арзанырақ.
Үкіметтің саясаты: Үкіметтің тұрғын үй нарығына қатысты жүргізген саясаты да бағаларға әсер етуі мүмкін. Мысалы, мемлекеттік субсидиялар, салықтық жеңілдіктер немесе құрылысқа қатысты жаңа заңдар тұрғын үй нарығын реттейді.
Демографиялық өзгерістер: Халық санының өсуі, қалаға көшу немесе жас отбасы құрылымы да тұрғын үй нарығына әсер етуі мүмкін. Мәселен, өзге өңірлерден Астана, Алматы, Шымкент қалаларына көші-қонының артуы сияқты демографиялық өзгерістер үй бағасына әсерін береді.
Нұрсұлтан ЕРБОЛАТҰЛЫ
Cурет: Pexels.com