Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Қазақстандағы 11 әуежайға қатысты тергеп-тексеру бастады. Себебі әуе керосиннің көтерме және бөлшек сауда нарығына жүргізген талдау нәтижесінде отын құнының негізсіз өсуі анықталды.
Агенттік әуе керосинге монополиялық жоғары баға белгілеу бойынша 11 әуежайға қатысты тергеу жүргізеді. Оның ішінде «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ, «Қорқыт ата әуежайы» АҚ, «Сары-Арқа әуежайы» АҚ, «Шымкент әуежайы» АҚ, «Әулие-Ата халықаралық әуежайы» АҚ, «Қостанай халықаралық әуежайы» АҚ, «Өскемен халықаралық әуежайы» АҚ, «Түркістан халықаралық әуежайы» АҚ, «Орал халықаралық әуежайы» АҚ, «Семей халықаралық әуежайы» ЖШС, «Жезқазған-Эйр» әуе компаниясы» АҚ бар.
Сонымен қатар әуе керосинді қайталама көтерме өткізу нарығындағы жеткізушілерге қатысты да тексерулер жүргізіліп жатыр.
Агенттік дерегінше, әуе керосинін өткізу нарығында отандық әуе компаниялары отынды жер қойнауын пайдаланушылардан мемлекеттік жеткізу кестесіне сәйкес тікелей алады, ал шетелдік әуе тасымалдаушылар көтерме және бөлшек жеткізушілерден алады.
«Әуежайлар немесе онымен аффилиирленген ұйымдар халықаралық жолаушылар және жүк әуе тасымалдаушыларына әуе керосинді бөлшек саудада сатқан жағдайда оның құны 60%-ға дейін өседі. Қазақстан әуежайларындағы әуе керосин бағасы көршілес елдердегіден 5–30% жоғары, бұл соңғы бес жылда жүк әуе тасымалдарының 36%-ға, халықаралық қатынастардың 58%-ға төмендеуіне әкеліп соқты», — делінген хабарламада.
Фото: Freepik.com

