Қазақстанда халыққа қызмет көрсету орталықтарында терминалдар арқылы төлқұжаттар мен жеке куәліктерді беру мәселесі пысықталуда. Бірлескен бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында талқыға ұсынылған.
Пилоттық жобаны 2025 жылдың соңына дейін жүзеге асыру көзделген. Республикалық маңызы бар қалаларда және астанада, облыстардың әкімшілік орталықтарында, сондай-ақ Байқоңыр қаласындағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының фронт-офистерінде цифрлы қызмет жобасын жүзеге асыру көзделген. Бұл мақсатта биометриялық сәйкестіндіру қолданылады.
Құжаттандыру терминалы арқылы «Қазақстан Республикасының азаматтарына паспорттар, жеке куәліктер беру» мемлекеттік қызмет көрсетуге құжаттарды қабылдау жөніндегі пилоттық жобаны Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Ішкі істер министрлігі бірге жүзеге асырады.
«Жоба «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» ҚР заңының 22-бабына сәйкес және процесті ұдайы жетілдіру, мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыру, сондай-ақ ҚР азаматтарына паспорттар, жеке куәліктер беру мәселелері бойынша халыққа қызмет көрсету сапасын жақсарту жөніндегі жұмысты ұйымдастыру мақсатында әзірленді», — деп түсіндірді органдар.
Биометриялық сәйкестендіруді пайдалана отырып құжат беру технологиясы 2024 жылы да сынақтан өткізілген. Бұйрыққа сәйкес «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы пилоттық жобаны «электрондық үкімет» шлюзі арқылы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялауды күшейтуі керек.
фото: egov.kz