Елімізде 2029 жылға дейін энергетикаға арналған 29 жоба аяқталады. Бұл электр станцияларының орташа тозуын 17%-ға төмендетуге мүмкіндік бермек.
Энергетика министрлігі Электр энергетикасын дамыту департаментінің директоры Асылжан Мусиннің айтуынша, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жалпы қуаты 7,3 ГВт болатын энергогенерация саласында 29 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Жаңа энергия объектілерін жаңғырту және салу саласына инвестициялар көлемі шамамен 6,3 трлн теңгені құрайды. Оның ішіне қолданыстағы электр станцияларын жаңғырту бойынша 14 жоба және генерацияның жаңа көздерін енгізу жөніндегі 15 жоба кіреді.
Жобалардың қатарында Алматы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 газға ауыстыру, Түркістан облысындағы қуаты 1 ГВт бу-газ қондырғысы, «МАЭК» ЖШС алаңындағы қуаты 160 МВт бу-газ қондырғысының құрылысы бар.
Бұған дейін, «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» жөніндегі ұлттық жобаны іске асыруға 10 трлн теңгеден астам инвестиция қажет екенін жазған едік. Әр өңір бойынша қолданыстағы энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымның жағдайын зерттеу үшін ауқымды талдау жүргізілген.
Аталған талдауға сәйкес, 22 жылумен жабдықтау кәсіпорнында желілердің тозуы 65%-дан 90%-ға дейін, 18 электрмен жабдықтау объектісінде – 70%-дан 97%-ға дейін, сумен жабдықтайтын 13 кәсіпорында – 70%-дан 100%-ға дейін, ал 24 су бұру кәсіпорнында – 70%-дан 100%-ға дейін жеткен.
Фото: Pinterest

