2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан азаматтығын 20,2 мың адам алған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда бірден төрттен бірге азайып, соңғы бес жылдағы (2020 жылдан бері) ең төменгі көрсеткіш болып отыр.
Data Hub аналитикалық арнасының мәліметінше, азаматтық алушылардың басым бөлігі – қандастар. Азаматтық алғандардың жылдық төмендеуіне де негізінен осы топ әсер етеді.
2024 жылы қандас мәртебесі бар 15,7 мың адам Қазақстан азаматтығын алды, ал 2023 жылы олардың саны 20,5 мың болған. Дегенмен, қандастардың жалпы азаматтық алушылар арасындағы үлесі аздап өсіп, 76%-дан 77%-ға жетті.
Азаматтық алғандардың көбі Алматы облысына (26%-ы) қоныстанады. Екінші орында Астана (9%), үшінші орында Түркістан облысы (8%). Байқоңыр қаласы, Ұлытау және Қызылорда облыстары аса танымал емес. Бұл аймақтарда азаматтық алғандардың саны сәйкесінше 19, 21 және 42 адам.
ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы Қазақстан азаматтығын алған адамдардың басым бөлігі Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты көршілес елдерден келген.
Сурет: gov.kz