Қазақстан – Орта Азияда бидай өндіретін мемлекеттің бірі. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Sarapshy.info редакциясына жолдаған ақпараты бойынша Қазақстан жыл сайын 7-ден 9 млн тоннаға дейін астық экспорттайды. Соңғы 5 жылда астық экспортының орташа деңгейі 7,5 млн тонна деңгейінде тұр.
Бидайдың негізгі экспорты қайда бағытталады?
Бидайды экспорттайтын негізгі дәстүрлі нарық – Орта Азия мемлекеттері (Өзбекстан, Қырғыстан, Тәджікстан және Түрікменстан Республикалары). Сонымен қатар, астық келесі елдерге экспортталады:
1) Әзірбайжан Республикасына;
2) Азов, Балтық, Қара теңіз порттары арқылы Еуропалық Одақ, елдеріне Солтүстік Африкаға;
3) Иран Ислам Республикасына;
4) Түрікменстан арқылы транзитпен Ауғанстан Ислам Әмірлігіне;
5) Қытай Халық Республикасы арқылы транзитпен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне жіберіледі.
2024 жылдың он айында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы жедел деректері бойынша темір жол бойымен 7,4 млн тонна бидай тасымалдаған. Оның ішінде ішкі қатынас 1,6 млн тоннаны, экспорт 5,8 млн тоннаны құрады.
Қазақстан астықты экспорттау үшін темір жол көлігін де, теңіз жолын да пайдаланады. Каспий теңізі мен РФ-ға тиесілі Қара теңіз порттары арқылы өтетін транзит жолы бар. Сондай-ақ Еуропа елдеріне және жақын шетелдерге автомобиль көлігімен тасымалданады.
Бағаны нарық анықтайды
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы»ҰК» АҚ (бұдан әрі –Корпорация) астық нарығының бірыңғай операторы болып табылады және азық-түлік астығының резервтік қорын сандық-сапалық сақтау жолымен елдің азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы реттеу шараларын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің жекелеген түрлерін жеткізу жолымен ішкі нарықты тұрақтандыруға және экспортты дамытуға жәрдемдесуді қамтамасыз етеді.
Корпорация 2024 жылғы астық дақылдарын форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша қабылдауды жүзеге асырады. Белгіленген сатып алу бағалары, оның ішінде 4 және 5-сыныпты бидайға белгіленген сатып алу бағалары корпорацияның ресми сайтында орналастырылған және сапасына қарай мынадай баға ұсыныстары бар:
3-сыныпты бидай (дән маңызы 27%-дан бастап) – 100 000 теңге (ҚҚС-пен);
3-сыныпты бидай (дән маңызы 25%-дан бастап) – 90 000 теңге (ҚҚС-пен);
– 3-сыныпты бидай (дән маңызы 23%-дан бастап) – 85 000 теңге (ҚҚС-пен);
4-сыныпты бидай (дән маңызы 21%+) – 75 000 теңге (ҚҚС-пен);
4-сыныпты бидай (дән маңызы 18%+) – 5 000 теңге (ҚҚС-пен);
5-сыныпты бидай (дән маңызы 18%+) – 60 000 теңге (ҚҚС-пен);
2-сыныпты арпа (таза күйінде кемінде 650 г/л) – ҚҚС-мен 50 000 теңге.
«Бүгінгі күні ішкі нарықтағы баға тоннасына 65-75 теңге деңгейде қалыптасуда. Сыртқы баға ол астықтың сапасына, тасылмалдауына және астық нарығының әсеріне сәйкес қалыптасатынын мәлімдейміз», — деп жауап берді ведмство.
Қытай қақпаны аша қойған жоқ
Қазіргі уақытта Қазақстан Қытай нарығына шыққысы келіп отыр. Бірақ министрліктің түсіндіруінше қытай тарапы қазақстандық бидайды импортқа бөлінген квоталар шегінде компанияның бонд аймағында болуына байланысты қабылдайды.
Елдің Қытайға жыл сайынғы жеткізілім көлемін 2 млн тоннаға дейін және одан да жоғары ұлғайту әлеуеті бар. Ол үшін сапалы астықтың тұрақты және кепілдендірілген жеткізілімін ұйымдастыру қажет. Қытай нарығы қазақстандық экспорт үшін өте тиімді. АШМ бірқатар үкіметаралық келіссөзден кейін Қытай бидай, арпа және басқа да дәнді дақылдарды қоса алғанда, қазақстандық астық импортын қайта бастағанын хабарлады.
Қазақстан импортты шектеді
2024 жылғы 11 сәуірден бастап құс және ұн тарту кәсіпорындарының атына темір жол көлігімен бидай әкелуді қоспағанда, ҚР аумағына автомобиль, су және темір жол көлігімен бидай әкелуге алты ай мерзімге тыйым салынды (АШМ 2024 жылғы 11 сәуірдегі № 125 бұйрығы).
Қазақстан импортталатын астықтың едәуір көлемінің болуы және биылғы мол өнім саланың жай-күйіне теріс әсер ететінін айтты.
Осыған байланысты 2024 жылғы 26 шілдеде Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) отырысында 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін Қазақстан Республикасының аумағына көліктің барлық түрлерімен бидай әкелуге толық тыйым салу туралы шешім қабылданды.
Иран арпа алуға ғана келісті
Кейінгі жылдары Қазақстан астығы Иран нарығынан алыстады. Министрлік Иран Каспий терминалының порттары арқылы қолайлы баға мен оңтайлы логистикалық бағыттарға байланысты қазақстандық астықты жеткізуге мүдделі деп санайды.
Корпорация экспортты ұлғайту және ирандық серіктестермен келісімшарттар жасасу мәселелерін пысықтауда. Бүгінгі таңда Иранның Fawakeh компаниясымен 2025 жылдың наурызына дейін 160 АҚШ доллары бағасына 200 000 тонна арпа жеткізуге келісімшарт жасалды.
Трейдерлермен астық жеткізу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Бірқатар келісімшарттар жасасу сатысында.
Баку үшін Ресей экспорты арзан
Қазақстан тарапы Әзірбайжанға да 1 млн тонна астыққ жеткізе алатынын мәлімдеген еді.
Азық-түлік келісімшарт корпорациясы Әзірбайжандағы әлеуетті сатып алушылармен келіссөздер жүргізіп жатқаны мәлім болды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Бакудың Ресей нарығына бет бұрғанын мәлімдеді.
«Кейінгі жылдары Әзірбайжан толығымен дерлік бағамен бәсекеге қабілетті және тоннасы 215 АҚШ доллар болатын ресейлік бидайды қабылдауға ниетті. Есептеулер бойынша Әзірбайжанға жеткізілетін қазақстандық бидайдың бағасы DAF ст. Самур жағдайында тоннасына 235 АҚШ долларды құрайды», — деп хабарлады АШМ.
Ведмство қазақстандық астық экспортын Әзірбайжан нарығына қазақстандық экспорттаушылардың көлік шығындарын субсидиялау есебінен көбейту жоспарда бар екенін мәлімдеді.
Ресей экспорты Қазақстан астығынан екі факторға байланысты басым түсіп отыр:
- Ресей Федерациясының аумағындағы ауа-райы мен климаттық жағдайлар фермерлерге астықтың жоғары өнімін алуға мүмкіндік береді, бұл өндірілетін өнімнің өзіндік құнының төмендігін қамтамасыз етеді.
- Осыған байланысты Ресей Федерациясынан алынған астықтың бағасы қазақстандық өнімге қарағанда әлдеқайда төмен.
Қамбада астық жеткілікті
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы жинау алаңы – 23,3 млн га құрайды, оның ішінде астық жинау алаңы – 16,7 млн га.
Бүгінгі таңда жоспар бойынша 16,7 млн гектар астықтың 99,8%-ы жиналды немесе орташа түсімі гектарына 16 центнердің 26,6 млн тоннасы бастырылды, оның ішінде бидай – 13,1 млн га (түсімі 15,1 ц / га бастырылды19,8 млн тонна), арпа – 2,2 млн га (түсімі 17,9 ц / га бастырылды 4 млн тонна).
2,3 млн га алаңнан майлы дақылдар жиналды, орташа түсімі 10,9 ц/га 2,6 млн тонна бастырылды.
Жалпы, Қазақстанда астықты ішкі тұтыну 7,5-8 млн тонна деңгейінде.
Қазақстандағы жалпы өнім астықтың ішкі тұтынуын толығымен жабуға мүмкіндік береді.
СҚО-да 2024 жылы астық өнімділігінің ең жоғары көрсеткіштері алынды және облыс бойынша орташа деңгей 18,6 ц/га жетті.
Бүгінгі таңда астық қабылдау пункттеріне сақтауға 6,9 млн тонна әкелінді. Мұнда 57%-дан астамы – 3-сыныпты астық.
Қазақстандағы бидай экспорты – ауыл шаруашылығының стратегиялық маңызды саласы. Қазіргі кездегі негізгі қиындықтарды еңсеру үшін жүйелі шаралар қабылдап, инновациялық тәсілдер енгізу қажет. Логистикалық инфрақұрылымды дамыту, сапа стандарттарын жетілдіру және сыртқы нарықтарға белсенді қатысу арқылы Қазақстан әлемдік астық нарығындағы өз орнын нығайта алады. Алдағы материалымызда көп ұзатпай сарапшымен бидай экспортына қатысты сұхбат жариялайтын боламыз.
Нұртай ТЕКЕБАЙ
фото: shutterstok