Қазақстан Ұлттық банкі стейблкоинді нарыққа шығарды. Банк стейблкоин ұлттық валюта – теңгемен конвертация жасалатынын хабарлады.
Пилоттық жоба аясында Intebix компаниясы (АХҚО-да тіркелген цифрлық активтер биржасы) цифрлық теңгені сауда операцияларына қолданады. Intebix серіктестері – Solana (халықаралық блокчейн-платформасы), Mastercard (халықаралық төлем жүйесі) және Еуразиялық банк.
«Теңгемен отандық стейблкоинді іске қосу цифрлық инновациялық шешімдерді дәстүрлі қаржы инфрақұрылымымен біріктіріп, крипто-фиат каналын кеңейтудің жаңа мүмкіндіктерін ашады. Яғни, криптовалютаны теңгемен қамтамасыз етілген стейблкоинге айырбастауға және криптокарталарды пайдалана отырып сауда операцияларын жүргізуге мүмкіндік туады», – деп мәлімдеді ҰБ.
Бұл жоба Қазақстанның ҚҰБ-тың ұлттық цифрлық активтер экожүйесін қалыптастыруға көмектеседі.
«Қазір реттеуші сынақ алаңы аясында төрт бағыт бойынша сегіз пилоттық жоба іріктеліп алынды, оның алғашқысы – Қазақстан стейблкоині», – деді Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов.
Биыл маусым айында ҚҰБ криптовалютаны бір мезетте теңгеге конвертациялау есебінен тауарлар мен қызметтер ақысын төлеуге мүмкіндік беретін криптокарталар жобасын іске қосты.
ҚҰБ-тың реттеуші сынақ алаңы төлем қызметтері мен цифрлық активтер саласында жаңа өтінімдерді қабылдауға дайын.
Айтып өтелік, стейблкоиндар – фиат ақшамен қамтамасыз етілген цифрлық активтер. ҚҰБ-тың реттеуші сынақ алаңы – ерекше реттеу режимі, цифрлық активтер саласындағы пилоттық жобаларды қауіпсіз сынап, іске қосуға арналған платформа.
Осыған дейін биыл Қазақстан цифрлық теңгені ресми түрде жалпы қолданысқа енгізетінін жазған едік. Ұлттық банк бұл жобаны ұзақ уақыт бойы тестілеуден өткізіп, кезең-кезеңге бөліп пысықтап келді. Цифрлық теңге жобасы 2021 жылы басталған болатын.
Цифрлық теңге – бұл Қазақстанның Ұлттық банкі шығаратын ұлттық валютаның электронды түрі. Криптовалюталардан айырмашылығы – толықтай мемлекеттік қаржы органдарының бақылауында және заңды төлем құралым әртебесіне ие.
Фото: Ұлттық банк

