Энергетика министрлігі шикізатпен қамтамасыз етуден бастап түпкілікті өнім шығаруға дейінгі іс-шараларды қамтитын «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған Жол картасын» әзірледі. Құжаттың мақсаты – мұнай-газ химиясы саласын дамыту және осы саладағы жобаларды іске асыруға жәрдемдесу болып отыр.
Қазақстан Жол картасы ережелерін орындау шеңберінде қандай нәтиже күтіп отыр?
- Мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру көлемін 2023 жылғы 357,8 мың тоннадан 2030 жылға қарай 1,8 млн тоннаға дейін ұлғайту көзделген.
- Мұнай-газ химиясында іске асырылатын және жаңа жобалар қажетті шикізатпен қамтамасыз етілмек.
- 14,7 млрд АҚШ доллары сомасына инвестициялар тарта отырып, шамамен 3,5 мың тұрақты және 16 мың уақытша жұмыс орны құрылып, сондай-ақ алты жоба іске асырылады деп күтіліп отыр.
- Мұнай-газ химиясы жобалары үшін «ҰИМХТ» АЭА аумағында қажетті инфрақұрылым салынады.
- Мұнай-газ-химия саласының өнімдерін өткізу нарықтарын қамтамасыз етіп, ішкі тұтынуды ынталандырмақ.
- Ғылыми базаны, адами капиталды жетілдіру, сонымен қатар тиісті нормативтік-құқықтық және техникалық құжаттарды қабылдау есебінен саланы дамыту үшін жағдайлар жасау көзделеді.
Айтып өтелік, Жол картасын ел Үкіметі бекітті.
Осыған дейін елде 2030 жылға қарай мұнай өндірісі 100 млн тоннаға жеткізілетінін жазған едік. Бұл жөнінде Алматыда өткен KIOGE конференциясында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты.
Қазақстан – әлемдегі ең ірі мұнай мен газ өндіруші және экспорттаушы елдердің бірі.
2023 жылы Қазақстанның мұнай өндіруі 90 миллион тоннаға жетті. Ал жылы мұнай экспорты 70,5 миллион тоннаны құраған.
Биылғы төрт ай қорытындысында мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру көлемі өткен жылмен салыстырғанда екі есеге өсіп, 213,1 мың тоннаны құрады. Саланың барлық өнімдері бойынша өсім байқалады.
Сурет: Энергетика министрлігі