«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігі құрамына кіретін Оңтүстік Жезқазған кеніші мен Жыланды кенішінен басталған ереуіл әлі де жалғасып жатыр.
Жұмысшылар 2024 жылы 17-18 желтоқсанда ұжымдық талаптарын білдіріп, жалақыны 2 есе көтеруді талап етіп ереуілге шыққан еді. Азаттық радиосына пікір білдірген ереуілшілердің бірі:
«Біз өте қауіпті жерде жұмыс істейміз. 12 сағатқа жер астына түскенде кері шықпауымыз да мүмкін. «Қазақмыс» игеріп жатқан мемлекет байлығының қалай, қайда кетіп жатқанын да білгіміз келеді», – деген.
Осыған қарамастан, Еңбек министрлігі «Қазақмыс» жұмысшыларының ереуілі мен талабы «еңбек заңнамасының ережелерін бұзды» деп мәлімдеді. Министрліктің түсіндіруінше, жұмыскерлер өз талаптарын алдымен жұмыс берушіге ресми түрде жеткізуі керек. Егер мәселе туындаса, оны татуластыру комиссиясы қарауы қажет. Бұл талаптарды қарау кезінде өндірісті тоқтатуға болмайды. Заңда белгіленген ережелерді бұзу жұмыскерлер үшін тәртіптік жауапкершілікке әкеледі.
«Қазақмыс» корпорациясы 19 желтоқсан күні кешкі сағат 20:00-де Саяқ, Жайсаң кеніштері мен Жезқазған мыс қорыту зауытының қызметкерлері жұмысқа шыққанын айтты. Бұған дейін жұмысшылар әріптестерін қолдау үшін жұмысты уақытша тоқтатқан еді. Алайда барлық кеншінің жұмысқа шыққаны туралы жұмысшылар тарапы өздері растаған жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, ереуілшілердің негізгі талаптары – жалақыны халықаралық нарықта мыс бағасының өсуі, доллар бағамының көтерілуі, азық-түлік пен коммуналдық қызметтердің қымбаттауы аясында 30%-ға көтеру. Сондай-ақ, жаңа талаптар ретінде жалақыны 100%-ға арттыру және мемлекеттік органдар тарапынан қысымды төмендету.
Осыған дейін жұмысшылар талабына жауап берген «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ның бас директоры қызметкерлермен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін, жыл сайын жалақыны өсіріп отырғанын айтты.
«Қазақмыс корпорациясы» 2025 жылдан бастап индекстеу 2024 жылы Ұлттық статистика бюросы ресми түрде белгілеген инфляция деңгейіне жүргізіледі деді.
«Жалақыны 8,5%-ға арттырған кезде корпорация бойынша орташа жалақы 822 000 теңгеге дейін (2024 жылы — 730 431 теңге), ал жерасты жұмысшылары үшін — 1 303 000 теңгеге дейін (2024 жылы — 1 202 000 теңге) өседі», – деді корпорация.
Бұл жерде кен орындарындарындағы еңбек ұжымдарының талаптарында айырмашылық бар екенін түсіну керек. Бірі еңбек жағдайын жақсартуға, енді бірі жалақыны көтеруге басымдық беруді сұрап отыр. Жұмысшылар инфляция деңгейінде жалақыны өсіруге келіспей отыр. Аноним дереккөз арқылы жұмысшылар нарызылығы басылмағанынан хабардар болдық.
Сурет: kazgazeta.kz