Қарағандыда қазақтарға тіл тигізген Алика Мұхамадиеваға қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Прокурор Threads әлеуметтік желісінде ұлтаралық алауыздық тудырды деп айыпталған Мұхамадиеваны 4,5 жылға абақтыға қамауды сұрады.
17 қазанда өткен сот отырысында прокурор Фарида Садуова айыпталушының кінәсі толық дәлелденгенін айтып, оны 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Мемлекеттік айыптаушы Мұхамадиеваның өз кінәсін мойындағанын және оның кішкентай баласы барын ескерді.
Сонымен қатар, Садуова жазаны орындауды төрт жылға дейін кейінге қалдыруға болатынын, бірақ бұл мерзім баласы 14 жасқа толғанға дейін ғана ұзартылатынын атап өтті.
Айыпталушының адвокаты Тимур Солодуха Мұхамадиеваның бұған дейін заң бұзбағанын, кінәсін мойындап, өкінгенін айтып, соттан оған екінші мүмкіндік беруді сұрады.
Қорғаушы тарап жазаны айыппұлмен алмастыру мүмкіндігін де қарастырып отыр. Айыппұл мөлшері 12 миллион теңгені құрауы мүмкін.

Биыл жазда Алика Мұхамадиева Threads желісінде қазақтар мен мұсылмандарды қорлайтын пікірлер қалдырған. Кейін ол қоғам алдында кешірім сұрады, алайдажергілікті сот оған қарсы қылмыстық іс қозғады. Мұхамадиеваның тергеу сатысында елден кетуді жоспарлағаны белгілі болғандықтан, оны қамауға алу туралы санкция шығарылды.
2025 жылдың басынан бастап Қазақстанда қылмыстық кодекстің әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру туралы 174-бабы бойынша 11 адам сотталды. Олардың біреуі абақтыға TikTok әлеуметтік желісінде өзге ұлт өкілдеріне тіл тигізгені үшін қамалған.
фото: Tengrinews.kz

